Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектепте қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш әйел, батыр жерлесіміз Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына және спорт мерекесіне орай Artsport бағдарламасы аясында ұлдар мен қыздар арасында қазақша күрестен аудандық турнир өтті.
Байрақты бәсекеде Хиуаз, Нұржау, Теңіз ауылдық округтерінен Artsport жобасы бойынша спортпен шұғылданып жатқан үйірменің 100-ге жуық тәрбиеленушісі бақтарын сынап, нәтижесінде 38-і жүлдегер атанды. Турнирдің ашылу салтанатында Жаңаталап ауылдық округінің әкімі С.Бралиев, Алтынсарин атындағы жалпы орта мектептің директоры А.Қаменова және жоба жұмысын ұйымдастырушы «Zhaidarlym» ЖШС-нің директоры Ө.Тәжібаев сөз сөйлеп, бұл жарыс оларға жақсы тәжірибе болатынын айтып, жас балуандарға сәттілік тіледі.
Жалпы, Artsport бағдарламасы аясында ауданға қарасты Хиуаз, Нұржау, Теңіз, Кудряшов ауылдық округтерінде қазақша күрес, дзюдо, футбол, шахмат, үстел теннисі сынды спорт түрлерінен үйірмелер ұйымдастырылып келеді. Оған барлығы 250-ге жуық жасөспірім қатысуда. Үйірмемен қамтылған балалар жаз бойы бос уақыттарын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануда.
Боз кілемде 2007-2014 жылдары туған жас жеткіншектер кездесті. 23 пен 57 келі арасындағы салмақ дәрежелерінде өзара мықтыларын анықтаған балуандар жарысқа тыңғылықты дайындықпен келгендерін көрсетті. Турнир қорытындысымен Әбдірахман Жасұланұлы (Хиуаз) және Аманат Аманғали (Нұржау) «Үздік техника», 10 қатысушы «Жеңіске деген жігері үшін» номинацияларымен ұлығыланды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Zhaidarlym» ЖШС-нің атынан диплом, медальдармен марапатталып, күрес күртешелері сыйлық ретінде табысталды.
Өз тілшіміз