Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ырым-ты-йымы барлығы өмірден алынған бай тәжірибе.
Міне, солардың бірқатарын топтастырып, қазіргі жастарымыз біліп жүрсе зияны болмас деген оймен жазушы Сейіт Кенжеахметұлының жазған жинағына өз өмірімнен, ата-анамыздан естігендерімді қосып отырмын.
Қазақтар сейсенбіні сәтсіз күн деп есептеген. Бұл уақытта сапарға шықпаған, той, басқа да жақсылықтар өткізбеген. Сейсенбі күні жолды жылан, т.б. пәле-жала кес-кестеп жатады дейді. «Сәрсенбінің сәті» деп халқымыз бұл күнді ерекше құрмет тұтады. Онда жаңа жұмыстарын бастап, үй салу, қымбат дүние мүлік сатып алу, т.б. игілікті істерді қолға алып отырған. Мал сатқанда оны ноқтасымен, не бас жібімен беріп жібермейді, біреуге ақша ұстатқанда оны ораған матаны, дорбаны алып қалады, өйткені үйдің ырысы кетеді деп ырымдаған.
Қара шаңырақ – бұл әке-шешенің отырған үйі. Әдетте қазақтар баланың ең кенжесін қолында алып қалып, ұлы мен келініне қара шаңыраққа иелік етуді аманаттаған. Қара қазан – қасиетті мүлік болып саналады. Өйткені одан бүкіл үрім-бұтақ, әулет дәм татып, өсіп өнген. Сондықтан қара қазанды қадір тұтады, кез келген жерге тастамайды. Қазақтың келіні қайын атасы мен енесінің төсегіне, не орнына отырмайды. Бұлай істеу әдепсіздік, арадағы сыйластық бұзылады деп қатаң тыйым салған.
Ымырт кезінде ұйықтауға болмайды. Өйткені, бұл мезгілде жарық пен қараңғылық, бақ пен сор, өлім мен өмір ауысады. Кешқұрым уақытта ұйықтаған адам өлгенмен бірдей деп ырымдаған. Ертеректе ата-баба-ларымыздың жазғытұрым жайлауға көшкенде «қазық майлар» деген ырымы болған. Көршілерді қонаққа шақырып, қыстан қалған сүр етті асып, құлынды қазыққа немесе желіге байлап «қымыз көп болсын» деп бата алып, ырым-жоралғысын жасаған. Шала жанған ағашты үйге кіргізбеген, күйелі ағаштай пәле жолығады, үй ішінде алауыздық туады деп есептеген. Өзіне жақын санаған адамына пышақ, қайрақ, тұз, шақпақ тас бермейді, араға от түседі, пышақтасады, дұшпан араға от жағады, егестіріп қайрайды, татулық бұзылады деп жамандыққа балаған.
Баласы шымыр болсын деп екіқабат әйелге сағыз шайнатып ырымдаған. Жас келіннің омырауы немесе малдың желіні іссе қайтыс болған адамды жуған қолғаппен (шүберекпен) «биссмилла» деп сипайды. Жаңа көрінген баланың мойны тез және түзу бекісін деген мақсатпен оның шілдеханасына сойған қойдың мойын омыртқасын тұтасымен асып, әбден тазалап мүжіп, кептіріп іліп қояды. Халқымыз мал төлдеп жатқанда ешкімге оны бермеген, сатпаған, себебі, төрт түліктің басы кемиді деп жорыған. Сүтті пісіргенде отқа күйдірмеген жөн, өйткені малдың желіні қайтып, тамыры тартылады деп есептеген. Қысқы соғымға сойылған жылқы, сиыр малдарының бас-тарын жақсылап үйітіп, екіге бөліп шекелейді, ал түйенікін шекелемейді. Түйенің басын кеңсірігінен бөлгеннен кейін тұтастай қазанға асып қонаққа тартады. Көбіне оны қыста жақсылап тұздап, наурызда асып, көршілердің үлкен кісілеріне ұстатады.
Әулетке немесе көрші үйге келін түссе, оған үй көрсету мақсатында мал сойып, қонаққа шақырып, бұл атаңның, не ағаңның, т.б. туыстарыңның шаңырағы деп таныстырған. Бір шаңырақта қайғылы жағдай орын алса, оның ағайындары немесе көршілері оларды қонаққа шақырып, «көңіл шай» береді. Итке ожаумен ас құймаған, себебі онымен сол әулеттің тамағы, ас-суы дайындалып отырғандықтан үйдің ырысы кетеді деп есептеген. Сәбидің тілі мезгілінде шықпаса нағашысының үйіне апарып, бір қойды сойғызып, соның ішегімен баланың мойнынан буындыратын ырымы бар. Қазақта үйге алыс жолдан жолаушы келсе, мейлі ол бала болсын ағайын-тума, көршілері «аман келдің бе?» деген салт сақталған. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы атасы сәлем береді» деген осыдан қалса керек.
Дайындаған Әлмұрат ХАМАШҰЛЫ,
зейнеткер, Қиғаш ауылы.