«Ақкөл» желілік өндірістік басқарма ұжымы өзінің төл міндеттерін орындауда республика бойынша әріптестерімен иық тірестіре келеді. Бұл ұжымға талай азаматтар басшы болған. Соңғы жаңа басшы Жәнесов Арон Сәйфеденұлы.
Аға буын «әкесінің аудан экономикасы мен мәдениетінде айшықты қолтаңбасы бар» деп жиі әңгімелейді. Ауданның қай жеріне барма, осындай жақсы лебіз алдан тосады. «Әке көрген - оқ жонар» демекші, Арон Сәйфеденұлы да жылы жүректі, адамдарды алалауды білмейтін, жаңа заманға лайық басшы. Мерекелер мен туған күндер атаусыз қалып көрген емес.
Мәселен, өткен Наурыз мейрамы өте есте қаларлықтай дәрежеде өтті. «Ішіп-жеп, тілек айтумен, көрісумен шектеліп қалмайық» -деп басшымыз күн ілгері, қайтасын-қайта ескертті. Комиссия құрылып, алдын-ала дайындық жұмыстары жүргізілді. Халқымыздың ұлттық игі дәстүрі көз алдыға келді. Түрлі ұлттық ойындар ойналды. Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары шақырылып, концерттік бағдарлама ұсынуы үлкен-кішіні көл-көсір қуанышқа бөледі.
Оның үстіне қызметіміз салалас болғандықтан аудандағы газ шаруашылығы ұжымы да шақырылып, әріптестік көңілмен құттықтау тілектерін арнады. Спорттық сайыстарға, ұлттық ойындарға қатынасып, мәз-мейрам болып, бір-бірімізді жақын тани түстік. «Қалам ұстап жүрсің ғой, осыны қысқа да нұсқа етіп сүйікті «Серперімізге» жазсаң қайтеді, оқырмандар да ұжымға қандай басшы келгенін біле жүрсін» деген әріптестер тілегін орындап отырғаным. Басшымызбен бірге бастауыш кәсіподақ ұйымының да белсенділігі жарқырап көрінді. Ынтымағы жарасқан «Ақкөл» ЖӨБ қандай міндетті межелерді де еншілей алады. Өйткені ұйымшыл ұжым, оны түсінетін лайықты басшы бар.
Дидар ҰЗАҒАЛИЕВ, «Ақкөл» ЖӨБ маманы.