Қазақстан чемпионатында мерейлері үстем болды

(0 Votes)

 28-29 қазан күндері Ақтөбе қаласында UWW грэпплинг күресінен балалар және жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өткен болатын. Оған еліміздің әр өңірінен жас спортшылар қатысып, бақтарын сынады.

Екі күнге созылған жарыс барысында шашауына шаң жуытпағандар анықталып, мерейлері үстем түсті. Солардың қатарында құрманғазылық жас спортшылар болғаны көңіл қуантады. Ауданымыздан қатысқан Ақкөл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері жаттықтырушылары мен сенім артқан ауылдастарын жерге қаратпады. Намыс пен жігерді қос қанаты қылған олардың жетістіктерін мақтанышпен айтуға болады.

UWW грэпплинг күресі қорытындысымен 2008-2009 жылы туғандар арасында, 42 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарын шақ келтірмеген Дастан Ерсайынов алтын медалді олжалады. 32 келі салмақ дәрежесінде Ғалым Бахтиярдың бағы жанып, күміс медалді мойынына тақты. Тағы екі спортшымыз, 47 және 42 келі салмақта Бекарыс Жеткіншекұлы мен Сағит Әділбек (2010-2011 жылы туғандар арасында) жеңіс қоржынына қола медаль салды. Осылайша күй өңірінен барған балаусадай балғын спортшыларымыздың жұлдызы жарқырады. Оларға алдағы сайыстарда да сәттілік тілейміз.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT