Наурыз айының 28-31 күндері Беларусь елінің Кричев қаласында еркін күрестен ағайынды Ивановтардың жүлдесіне арналған халықаралық турнир болып өтті,- деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әлемнің кіл мықты мемлекеттерінен 500-ге жуық жасөспірім балуандар жиналған байрақты бәсекеде қазақстандық спортшылар, оның ішінде құрманғазылық балуандар да бозкілемнің төрінен табылды. 3 күнге созылған белдесулердің нәтижесінде, 4 кездесуден өткізген жерлестеріміз 57 келіде Иса Ермұрат және 29 келіде Дастан Сүлейменов сын сағатта ел намысын қолдан жібермей, қарлыластарын қоғадай жапырып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, 48 келіде белдескен Асылан Ғалымжанов үздік үштікті түйіндеп, қола медальді қанжығалады.
Осылайша, құрманғазылық балуандар халықаралық турнирде атой салып, әлем елдерінің өкілдері алдында Әнұранымызды шырқатып, көк Туымызды көкте желбіретті.
Еске сала кетейік, кеше ғана құрманғазылық қаракөз Нұрайлым Бақытжанқызы спорттың таэквонда түрі бойынша Австрлия елінің Инсбург қаласында өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанып, ел абыройын асырған болатын.
Енді міне, қазақтың қарадомалақ ұлдары да намысты қолдан бермей, төрткүл дүние алдында ел спортшыларының мықтылығын танытты.
Жеңіс құтты болсын, жерлестер!