Күйші бала - Нұрдәулет

(0 Votes)

Әр баланың бойында белгілі бір салаға деген ерекше ынта мен қабілет болады. Егер оны шыңдай білсе, жас келе талантқа айналады. Бұл сөзіме Нұрдәулет есімді жас өнерпаз дәлел. 

Оның жастайынан домбыра құлағында ойнауға деген құлшынысы ерекше болыпты. Тіпті, алғаш Дина Нұрпейісова атындағы өнер мектебінің табалдырығын аттаған кезден-ақ алғырлығымен топ ішінен дараланған екен.

 – 2018 жылы өнер мектебіне оқуға қабылданған Нұрдәулеттің «оқысам, білсем» деген  зейіні бірден білінді. Өйткені, оның күйді үйренуге деген жігері күннен-күнге артып, сабақты тез меңгеріп әкететін. Берілген тапсырмаларды да жоғары деңгейде орындап, маған  тексерткенше асығатын. Талпынысы жоғарылығы сонша, конкурс барысында туындыны қалай шерту керектігін аудио жазбалар арқылы тыңдатып, қалай дайындалу керектігін көрсетсем, лезде қағып алып, келесі күні дәл солай орындап береді,-дейді ұстазы Гүлмира Сидеғалиева.

Өнер мектебінде оқып жүріп, аз уақыт ішінде түрлі байқауларға қатысып, көптеген белестерге жетіп үлгеріпті. Аудан көлемінде оздырылған сайыстарда Бас жүлдеден төмен түспейді, 2019 ж ҮІ Облыстық «Жадыра жас дарын!» фестивалінің Гран-при, Республикалық «Дала сазы»  байқауынын 2-орын,  Халықаралық «Біз бақытты баламыз» байқауынан 3-орын, 2020 ж республикалық ҮІІІ «Жадыра жас дарын!» фестивалінен Бас жүлде, республикалық «Ұстаз – ұлы тұлға» сайысының «Аспапта ойнау»  жанры бойынша І орын, халықаралық «Ақсәулелі алтын таң» фестиваль-конкурсынан  І дәрежелі лауреат, 2022 ж облыстық 55-«Жас музыканттар» байқауынан лауреат 1-орын, Мәкәлім Қойшыбаевтың 95 жылдығына арналған облыстық «Өмір гүлі» атты бірінші облыстық байқаудан лауреат 2-орын, ҮІІІ облыстық Боздақ Рзаханов атындағы жас орындаушылар сайысынан лауреат 2-орын атанған.

Сонымен қатар, дарынды балаларға арналған республикалық «Education»  баспа үйінен басылған «Топ жарған» кітабына есімі енген және «Алғыс хат» иемденген. Жетекшісі Гүлмира Сидеғалиева болса, болашағынан үлкен үміт күттіретін шәкіртінің алар асуы әлі де көп екеніне сенімді.

 Шығармашылық адамдарға шабыт сыйлайтын ерекше орындар болады. Жас өнерпаз үшін - өзінің бөлмесіндегі тыныштық. Анасы Мөлдір Молдашеваның айтуынша, Нұрдәулеттің қолы қалт етсе болды, аспабын қолға алып, қос ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұрап, шабыттанады екен. Ал, баласына күйшілік қасиет қанмен келген дейді. Өзінің аталары және нағашы әжесі домбыраның  құлағында ойнаған өнер адамдары болыпты. Он жасынан бастап жалықпай жаттыққан кейіпкеріміз бүгінде 25-27 күйді жатқа біледі. Бір пайыз талант пен тоқсан тоғыз пайыз еңбегінің нәтижесін көріп жүрген жас өнерпаз Нұрдәулет Нұрлановтың ендігі мақсаты – өнер ошағын жақсы аяқтап, академия қала берді филармония түлегі атану. Бала кезден бойға сіңген асыл өнерді келешекте де жалғастырамын дейді кішкентай өнерпаз. 

Аудан намысын халықаралық деңгейде қорғап жүрген Нұрдәулет Нұрлановқа талабың таудай болсын деген тілек білдіреміз.

Жайдарлым Еркебұланқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521