2025 жылғы 16-17 мамыр күндері Түркістан облысы, Түлкібас ауданында дзюдо күресінен 2011-2012, 2013-2014 және 2015-2016 жылы туған жасөспірім ұлдар арасында дәстүрлі "TULKIBAS OPEN CUP" облыстық ашық турнирі өтті.
Бұл жарысқа өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген талантты балғын спортшылар жиналып, өзара шеберлік байқасты. Аталмыш турнирге Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Шортанбай ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің атынан қатысқан жас спортшы Ғайса Бекзат жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ол 29 келі салмақ дәрежесінде татамиге шығып, бірқатар тартысты белдесулер өткізіп, нәтижесінде III орын иеленді.
Ғайса Бекзаттың бұл жетістігі – оның тынымсыз еңбегінің, табандылығының және жаттықтырушысының сіңірген еңбегінің жемісі. Жас дзюдошының спорттық дайындығына жетекшілік еткен – тәжірибелі бапкер Ахтамғалиев Асұлан.
Жерлесіміздің бұл табысы — Шортанбай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жасөспірім спортшыларды тәрбиелеу жолындағы жүйелі жұмысының нақты көрінісі. Осындай жарыстар жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе мектебі болып табылады. Бұл жарысқа қатысу арқылы балғын балуандар тек медаль үшін ғана емес, сонымен қатар спорттық шеберлік, тәртіп пен табандылықты да үйренеді. Алдағы уақытта Ғайса Бекзат пен оның командасына тек сәттілік тілейміз. Қазақстан спортына өз үлесін қосар болашағынан зор үміт күттіретін балуанның алар асуы әлі алда.
Шортанбай Балалар жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы