Румыния елінің Брайла қаласында бокстан жасөспірімдер арасында «Dracula Open» халықаралық турнирі өтті.
Оған кәрі құрылықтың жас былғары қолғап шеберлері мен Азия елдерінің спортшылары да қатысты. Әрине, бокс – бұл спортшылардан жоғары жылдамдықты, төзімділікті және дене шынықтыруды талап ететін спорт түрі. Әр раундты болжау мүмкін емес және жекпе-жектің нәтижесі кез-келген секундта өзгеруі мүмкін. Румыниядағы турнирде Қазақстан боксшылары Өзбекстан, Украина және Грецияны қоса алғанда, басқа елдердің мықты қарсыластарына тап болды. Кейбір жекпе-жектер өте қарқынды өтіп, жеңіске жету қай спортшыға да оңайға түспеді. Соған қарамастан қазақстандықтар жақсы өнер көрсетті.
Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында Азамат Байдуллиев бастаған бірнеше атыраулық боксшы қатысып, 1 күміс және 1 қола жүлдеге ие болды. Командалық есепте Қазақстан құрамасы 21 жүлде иеленіп, барған еңбек ақталды. Жүлделі орын алғандардың ішінде Абай орта мектебінің 9 «в» сынып оқушысы «Азия Чемпионы» Мансур Амантайдың болғанына қуаныштымыз. Мансур 75 келі салмақта қарсыластарынын сәл ғана кем түсіп, күміс медаль иеленді. Еуропада өткен турнирде күміс еншілеу алтынға тең. Алдағы өтетін халықаралық жарыстарда жерлесіміз алтын да алатынына сенімдіміз. Жаттықтырушысы Тұрарбек Уахитов осы шәкіртіне үлкен үміт артады. Жас спортшы оны ақтап жүр.
Қанат ҒҰМАРОВ