Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер туризм және экология орталығының «Евразия» туристік кешенінде «Менің Отаным - Қазақстан» атты туристік экспедициялық жасақтарының республикалық слеті өтті.
Республикамыздың барлық облыстарынан 20 команда қатысты. Дәстүрге айналған үш күндік слет Қазақстанның жас туристері арасындағы азаматтық көзқарас пен отаншылдық сезімдерін тәрбиелеу, салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды туған өлкенің тарихи, мәдени және рухани мұрасына тартуға бағытталды.
Жас туристердің сайысында Атырау облысының намысын аудандық жас туристер бекетінің командасы қорғап қайтты. Слет өлкетану, туристік, шығармашылық блоктан тұрды. Өлкетану блогі бойынша қатысушылар іздеу-зерттеу жұмыс жобаларын екі бағытта таныстырды «Халық дәстүрлері, әдет-ғұрыптар мен мәдениет» мен «Туризм-спорт, денсаулық, демалыс». Туристік блогында туристік кедергілер жолағын өтіп, жартасқа шығудан үздіктерді анықтады. Шығармашылық блогында туристік әндер орындады.
Татысты өткен туристік додаға Абай атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары Айпкалиева Бақыт және Арманұлы Еркебулан, Ақкөл жалпы орта мектебінен Аманғали Бердіғали, Ғалымжанов Фархат, Жақсылыққызы Ақерке, Сәлімжанұлы Нұрхат, З.Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатынан Жамбул Аянжан, Ғайсақызы Құралай, Ғ.Мүсірепов атындағы жалпы орта мектебінен Сағидоллаева Райхан қатысып, бақтарын сынады. Сайыскерлерді аудандық жас туристер бекетінің спорттық туризм бөлім меңгерушсі Атаев Әділбек пен өлкетану бөлім меңгерушісі Базарбаев Кенжетай дайындап алып барды.
Сонымен бірге, осы кешенде халықаралық туризм күніне орай білім қызметкерлері арасында туристік фестиваль ұйымдастырылды. Ауданымыздан барған команда волейбол жарысында, бардтық әндер конкурсында екінші орыннан көрінсе, «Менің 5 минуттық сабағым» атты экология бағытындағы онлайн сайыста үшінші орынды еншіледі. Фестивальдің қорытындысымен құрманғазылық Әділбек Атаев «Үздік турист» номинациясын жеңіп алды.
Айбек Нәжімов