Дәстүрлі шахмат турнирі

(0 Votes)

Аудандық орталықтандырылған кітапханада Еңбекші жалпы орта мектебінің негізін қалаған алғашқы директоры, «Қазақ КССР білім беру ісінің үздігі» Теміржан Жүгінісов атындағы дәстүрлі шахмат турнирі биыл аудандық деңгейде оқушылар арасында ұйымдастырылды.

Ала тақта үстінде өтетін сынға Абай, Әуезов, Бегәлиев, Ломоносов, Гоголь, Еңбекші, Нұржау жалпы орта мектептерінен барлығы 20 балғын шахматшы қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев шеберлік пен шыдамдылықты қажет ететін интеллектуалдық ойынның адам үшін пайдалы жақтарына тоқталып, турнирдің аясын облыстық, батыс аймақтық негізде кеңейту жөнінде ұсынысын алға тартып, шахматшыларға сәттілік тіледі. Еңбекші жалпы орта мектебінің директоры М.Шаяхметов Теміржан Жүгінісовтің білім беру саласына сіңірген айтулы еңбегін атап өтіп, жарысты ХІІ рет үзбей ұйымдастырып келген ұрпақтарына зор ризашылығын жеткізді. Шаңырақ атынан Қоңыр әже сөз алып, әкенің сүйікті ойынын бүгінгі буынға насихаттап жүрген балаларына аналық алғысын білдіріп, ақ тілегін айтты. Шахматшыларға ауданның белгілі спорт тәлімгерлері Е.Құсайынов пен С.Ихсанов төрелік жасады.

Екі күнге созылған ойлылардың ойынының нәтижесінде қыздар арасында І орынды Мадина Амангелді (Абай), Нұрсая Болатқызы (Әуезов) иеленсе, ІІ орын Нұрдана Асыланбекова (Еңбекші), ІІІ орын Хадиша Берікқызына (Абай) тиесілі болды.«Жеңіске деген жігері үшін», «Ең жас ойыншы» номинацияларымен Лаура Нурқалиева (Ломоносов), Асем Орынбекқызы (Бегәлиев) марапатталды. Ұлдар арасында Рахымжан Ерғанат (Абай) жеңімпаз атанса, ІІ, ІІІ орындардан Алдияр Бақытбек (Бегәлиев), Рахат Тұралиев (Бегәлиев) көрінді. «Жеңіске деген жігері үшін», «Ең жас ойыншы» номинациялары Мансур Ғинаятов (Гоголь), Василий Латышовқа (Әуезов) берілді. Дәстүрлі шахмат турнирінің өтуіне аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімі қолдау көрсетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом, медальдар ұсынды. Теміржан атамыздың ұлы Болат ағамыз үй иелері атынан барлық қатысушыларға естелік сыйлықтарын табыстады.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT