Ауданымызда бокстан 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігі өтті. Оған Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облысының жас боксшылары қатысты. Алдымен ортаға төрешілер алқасы мен командалар шақырылып, таныстырылды.
Сайыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев қош келдіңін айтып: - Құрманғазы ауданы еліміздің батыс қақпасы болып саналатын облыс көлемінде өзіндік орыны бар өңір. Бұл құтты мекен күй атасы Құрманғазы, күй анасы Дина, Жұмекен Нәжімеденов, Әбу Сәрсенбаев және басқа да белгілі тұлғалар туған жер. Баршаңызды чемпионаттың ашылу салтанатымен аудан әкімдігі атынан құттықтай отырып, оны бізде өткізіп жатқаны үшін Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, ұйымдастырушылар мен еліміздің әр өңірінен келіп қатысып жатқан төрешілерге ризашылығымызды білдіреміз, - деп бұл шара аудан спортының дамуына өз үлесін қосатынын жеткізді.
Атырау облысы дене шынықтыру және басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова: - Төрешілер алқасына әділдік тілеймін. Қатысып отырған жастарымызға сәттілік серік болсын. Батыс аймақтық чемпионатының өз өңірімізде, соның ішінде Құрманғазы ауданында өтіп жатқаны біздер үшін үлкен мәртебе. Бүгінгі жарысты ұйымдастыруға атсалысып, белсенді көмек көрсеткен аудан әкімдігіне алғысымды білдіремін. Осы чемпионат облысымызда және батыс өңірінде бокстың дамуына көп септігін тигізеді деп ойлаймын, - дей келе спортшыларға сәттілік тіледі.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, әлем кубогінің иегері, 5 дүркін КСРО чемпионы, Қазақстан Республикасының жасөспірімдер арасындағы бокстан аға жаттықтырушысы Аркадий Топаев: – Болашақта осы өңірден олимпиадалық ойындарға қатысушылар шығатынына сенемін. Мақсатымыз жастарды спортқа тарту. Әрине, ешкім де бірден әлем біріншілігінің жеңімпазы бола қалмайды, алдымен осындай ауылдық жерлерде тәрбиеленеді. Қазақ боксының абыройы асқақтай берсін. Қатысушы жас спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрінсін. Құрманғазыдай күйші бабамыз бен Әнұранымыздың авторы Жұмекен Нәжімеденов туған өңірге аяқ басып тұрғанымызға қуаныштымыз, - деп аудан әкімдігіне, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, қатысып отырған Атырау облысы әуесқой бокс федерациясының вице-президенті Сәрсенбай Торғаевқа, облыстық мамандандырылған бокс клубының директоры Азат Қазихановқа алғысын айтты.
Салтанатты шарада Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәуле Жанпейісова, аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі жанындағы «Жиделі» фольклорлық ансамблі, Заря Қуанышқызы әндер мен күйлер орындады. Шараның ресми бөлігі аяқталған соң жас боксшылар қолғап түйістірді.
Төрт күнге созылған халықаралық сайыстың нәтижесімен түрлі салмақ дәрежелері бойынша Атырау облысының спортшылары 8 алтын, 5 күміс, 11 қоламен көш бастады. Олардың ішінен 32 және 46 келі салмақ дәрежесінде ауданымыздан Бекзат Төреш (жаттықтырушысы Тұрарбек Уахитов) пен Ризабек Әділбеков (жаттықтырушысы Андрей Ким) алтынға қол жеткізгенін ерекше атай кетейік. Бұл спортшыларға бүкілқазақстандық сайысқа қатысатын жолдама табыс етілді. Барлық жеңімпаздар медальдармен, дипломдармен, естелік сыйлықтармен ұлығыланды.
Қанат ҒҰМАРОВ.