Аудандық спорт кешенінде мектеп оқушыларының арасында бокстан облыстық ХІ жазғы гимназиадасы өтті.
Оған Атырау қаласының, Жылой, Махамбет, Исатай, Мақат, Құрманғазы аудандарының балғын былғары қолғап шеберлері қатысты. Салтанатты шеруді төрешілер мен командалар бастап келді. Облыстық білім беру басқармасының Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығының маманы Наурызбай Теміров, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Еділ Баяров сөз сөйлеп, боксшыларға сәттілік тіледі. Жарыстың бас төрешісі болып Тұрарбек Уахитов (Құрманғазы ауданы) бекітілді.
Үш күнге созылған бокс бәсекесінде жалпы ұпай санымен Құрманғазы ауданы жеңіс тұғырына көтерілсе, ІІ орыннан Атырау қаласының командасы көрінді. ІІІ орын Исатай ауданынан келген балғын боксшыларға бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, медальдар, естелік сыйлықтар табыс етілді.