С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстанның халық әртісі, биші Гүлжан Талпақованың 70 жасқа толу мерейтойына орай «Ұлттық өнердің өнегелі үлгісі» атты би фестивалі ұйымдастырылды.
Жиырма бір жасында «Еңбек сіңірген әртіс», отыз бірінде «Халық әртісі» атанған биші қыз Гүлжан Талпақова әлемнің елуден аса әйгілі сахналарында қазақтың өнерін танытып, ұлттық бидің мәртебесін өсірді. Талайлар оның талантына таңғалып, тамсанды. Қарт Каспий жағасындағы кішкентай ғана ауылда дүниеге келіп, ерте жасынан биге еліткен Гүлжан өнер айдынында аққудай жүзді. Еркін жүзген ерке құсқа қарағандар көз тойдырды. Сәні мен салтанаты келіскен сұлулыққа сұқтанғандар да, сиынғандар да болды. Оны Мәскеу мойындаса, жат жер өзінде қалуын өтінді.
Алайда, биіне бүкіл дүниені бас игізген биші туған елінен бас тартқан емес. Бүгінгі күнге дейін ол өнерден қол үзбей, Атырау өңірінде би айдынында еркін жүзіп, оның қыр-сырын меңгергісі келген биші балғындарды дайындаумен келеді. Шараны жүргізген Р.Тоқаев, Г.Ермұратова кеш қонағы Гүлжан Ізімқызының өмірі мен өнердегі жетістіктері сараланған шығармашылығын көрсеткен бейнероликті тамашалауға кезек берді. Одан әрі 2017 жылы аудандық би сайысының жеңімпазы «Шұғыла» тобы «Қазақ биін» ұсынды. «Айгөлек» бүлдіршіндер фестивалінің облыстық байқауларында үнемі жүлделі орындарды иемденетін «Айбөбек» балабақшасының кішкентай бөбектері орыс халқының биімен көрерменнің ыстық қошеметіне бөленіп, шара көркін қыздырды. «Айна», «Наз», «Қарлығаш», «Нұршуақ» топтарының мың бұралған бишілері, сонымен қатар Панфилов атындағы жалпы орта мектептің оқушысы Н.Наурызбек түрлі ұлттардың билерін орындап, өздерінің өнерлеріне көпшілікті тәнті қылды.
Аудандық мәслихат хатшысы Б.Жүгінісов ауылымызға арнайы келген кеш қонағы Г.Талпақоваға ізгі тілегін жолдап, аудан әкімінің Алғыс хатын табыстап, иығына қазақы оюмен безендірілген кәжекей мен ақ орамал жапты. Сонымен бірге аудан әкімінің Алғыс хатымен би топтарының жетекшілері Б.Ислямова, К.Мәдекешова, Н.Омарова, Р.Ермұханова, А.Жанболатқызы, А.Қадырова, Н.Наурызбекті марапаттады.
«Мен кәдімгі қарапайым қазақтың қызымын. Би өнерінің арқасында әлемді шарлап, көптеген қызық пен қиындықты да көрдім. Өнермен қатар отбасы тірлігін де ексітпей алып жүрдім, би менің өміріме айналды», - деген Халық әртісі Гүлжан Талпақова бүгінгі тамашалаған фестивальге өзінің жоғары бағасын берді. Балғындардың киген костюмдері керемет болғанын жеткізген өз ісінің кәсіби шебері би қозғалыстарында, қимылдарында кейбір олқылықтардың бар екенін жасырмады. Сондықтан топ жетекшілері қалаға келіп, шеберлік сабақтарына қатысу қажеттігін қаперледі. Сондай-ақ, ол жастарға өнер жолына түскілері келсе, бұл саланы жан-тәндерімен сүюі керектігіне айрықша маңыз беруді ескертті.
А.ШАКУПОВА.