Жақсылыққа жиі құлақ түрейін,
Туған елде шалқып-тасып күлейін.
Барыс жылы бақ сыйлай бас, халқыма,
Адамзаттың сен ұшырма үрейін.
Ақ армандар орындалып біткен жоқ,
Ғашық жүрек әлі қосын тіккен жоқ.
Барыс жылы бақыт сыйла, халқыма,
Саған сеніп, сенен үміт күткен көп.
Барысым түс,сеңгір-сеңгір таулардан,
Еліме жет, өткен жылдан сау қалған.
Қара халық бір ақ тілек тілейді,
Басың азат болғай еді, даулардан.
Қаһарыңды құйтырқыға төгіп кел,
Ер жасқанып, қисаймасын бөріктер.
Ана біткен шашу шашып алдыңнан,
Тыныштықпен бастау алғай көп істер.
Қара қазан қайнап ой мен қырымда,
Өрнек тапсын жазар менің жырым да.
Қарауларға тырнағыңды батыр да,
Қауқарсызға жол-жөнекей ұрынба!
Атып шық та қалың жыныс қамыстан,
Ұрпағыма үлесін бер, намыстан.
Қазақстан- байтағымды қорып жүр,
Желе жортып қорған болып алыстан.
Тарғыл Барыс, тарпаң мінез, қаһарлым,
Сәтті болғай, атар таң мен батар күн.
Алысқандар,арыстандар ығысып,
Көшін баста он екі ай сапардың.
Өткен жылдан қалды жүрек шайлығып,
Отбасы кем, жыламаған қайғырып.
Жақсылықпен жыл бастайық, ағайын,
Өлгендерге тілеп иман байлығын.
Көп сүйкенді сүйір тілді, сиыр жыл,
Тосын дерттен жазықсыз жан күйінді.
Қар барысы қаһарыңмен қаймықтыр,
Әлем қайғы шекпесе екен түйір бір.
Туған елім, аман болғай ай-күнің,
Нұрға толғай көңілдердің айдыны.
Ырылдайды Барыс тісін ақситып,
Қазағымның асыруға айбынын.
Өрле елім, тауып істің тетігін,
Барша жанның болғай бізге ниеті күн.
Билікпенен жұрт арасы жымдасып,
Бақыт тербе бейбіт елдің бесігін.
Таңатар Дәрелұлы