Соңғы жылдарда жас спортшыларымыз әлемдiк жарыстарда әдемi ойын өрнегін көрсетiп, елiмiздiң абыройын асқақтатуда. Әрине, түрлi мемлекеттердің үкiлi үмiтiн ту етіп жеткен спортшылардың арасында жеңic оңайлықпен келмейді.
Бұл ұзақ дайындықтың, төккен тер мен қажымас қайраттың, болаттай берік мұқалмас ерiк-жiгердiң арқасы. Мұнда жас спортшыларды шыңдап, бәйге атындай терiн алып, қалыпқа салып, олардың жеңicке, өзiне деген сенiмiн арттыра бiлген жаттықтырушылардың да еңбегi ұшан-теңiз. Жақында Парсы шығанағындағы Бахрейн елінiң астанасы Манама каласында жастар арасында III Азия ойындары чемпионаты өтті. Оған әлемнiң түрлi елдерiнен ондаған спортшылар қатысып, бақтарын сынады. Олардың қатарында қазақстандықтар да болды. Ауданымыздың Бiрлiк ауылының тумасы, Атырау қаласындағы олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат колледжінiң 11 сынып оқушысы Жанайбек Шамұратов таеквондадан 73 келi салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанды.
Спортшы қызымыз Нұрайлым Бақытжанқызы үшіншi айналымға өте алмай қарсыласқа жол берды. Спорттық жарыстарда ондай болады. Бұл Нұрайлымның жiгерiн жанып,2026 жылы Африканың Сенегал елiнде болатын жастар арасында олимпиадада ел байрағын көтеруiне тiлектеспіз. Жас спортшылардың жаттықтырушысы Руслан Аманғалиев.
Айнагүл Шакупова

