Ақтау қаласында болып жатқан бокстан Қазақстан біріншілігінде Атырау облысы құрамасы сапында өнер көрсететін Бекболат Құрамысов алғашқы жекпе-жегін өткізді.
Көптеген жарыстарда ысылып, тәжірибесі толыққан жерлесіміз өзінің ширақ қимылымен қарсыласы Түркістан облысының жас боксшысы Бекзат Сабырға еш мүмкіндік қалдырмады. Ұрған соққылары діттеген жеріне дөп тиіп, рингте өзін еркін сезінген Бекболатқа қазылар алқасы жеңісті бірауыздан берді. Ол енді ширек финалда тағы бір атыраулық Қазыбек Сапеновті жеңіп кеткен ринг қожайыны Мәулен Өскенбекпен қолғап түйістіреді. Жарысты «Qazsport» телеканалы бүгін тікелей эфирден көрсететін болады. Жерлес боксшымызға жанкүйер болайық, ағайын!
Айта кетейік, Бекболат өнер көрсететін 69 келі салмақ дәрежесінде Қазақстанның екі дүркін чемпионы, ел құрамасының қазіргі уақыттағы бірінші нөмірі Асланбек Шымбергенов (Жамбыл облысы) пен әлем біріншілігінің жүлдегері Абылайхан Жүсіпов (Қарағанды облысы) бар. Жартылай және ақтық сындар 17-18 қараша күндері өтеді.
А.НӘЖІМОВ