Азия чемпионын қабылдады

(0 Votes)

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров ауданымыздың төл перзенті, Азиада ойындарының қола жүлдегері, Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, семсерлесудің хас шебері Айбике Хабибуллинаны қабылдады.

Кездесу барысында Жандос Мнафихұлы: - Елімізде кенжелеп қалған спорттың ерекше бір түрі саналатын семсерлесу сайысы бой ынша халықаралық деңгейде үздік нәтижелер көрсетіп жүрген жерлесіміз Айбикені біз мақтан тұтамыз. Қызымыздың қоржынындағы жетістіктер үздіксіз шынығу мен үлкен еңбектің арқасында келгені белгілі. Өзім спорт жанкүйері болғандықтан, оның спорттағы әр қадамын назардан тыс қалдырмай, үнемі бақылауда ұстаймын. Спорттық сайттардан немесе телеарналардан оның мерейлі жеңістерін тамашалаған сәтте біздің көкірегімізді мақтаныш сезімі кернейтінін жасыра алмаймыз. Осындай жұлдызы жарқыраған Айбикедей қызымызды өмірге әкелген әкесі Сәкен мен анасы Маринаға зор ризашылығымызды білдіреміз. Әлі де талай додаларда еліміздің байрағы көкке көтеріліп, Әнұранымыз шырқалатынына сеніміміз мол - дей келе, алғыс хат пен естелік сыйлығын табыстады.

Одан әрі аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Мұқашев жылы лебіздерін арнап, Қазақстанның намысын қорғайтын байрақты бәсекелерде әрдайым олжалы оралуына тілектестік білдіріп, сый-сияпаттарын тапсырды.Аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев төзімділік пен ептілікті талап ететін спорт түрі бойынша жоғары асуларды бағындырып жүрген Айбикеге қош келдіңін айтып, алдағы уақытта жас семсершінің ізденгіштік, талапшылдық, еңбексүйгіштік, арманшылдық сияқты толып жатқан асыл қасиеттерінің арқасында бағындырған жеңістерін кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі ету, патриоттық тәрбиеге баулу мақсатында ауданымызда жастармен түрлі кездесулер ұйымдастыруды алға тартты. Ломоносов атындағы жалпы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айғаным Абдуллақызы, Айбикенің алғашқы ұстазы Сара Ысқаққызы шәкіртінің бала кезінен спортқа бейім, өз қатарластарының алды болғанына тоқталып, бақ жұлдызының жоғарыдан жана беруін тілек етті. Соңында сөз алған Айбике де ыстық ықылас, жылы жүздесумен қабылдау ұйымдастырып жатқан аудан әкімдігіне алғысын білдіріп, халықаралық сайыстарға шыққанда ол ең біріншіден туған жерінің намысын қорғауды алғашқы орынға қоятынын тебірене жеткізді.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT