2018 семсерлесу спортынан Қазақстан құрамасының мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жерлесіміз Айбике Хабибуллина үшін өте сәтті жыл болды.
Күз айларында Индонезияда өткен Азиада ойындарында қылыштасудан командалық есепте қола жүлдені жеңіп алса, Филиппинің Манила қаласында семсерлесуден 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионатында топ жарды. Жаңа жылдық демалысқа келген Айбике әкесі Сәкен Зәйтұлымен бірге редакциямызда қонақта болды. «Серпер» газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелұлы қонақтарға қош келдіңін айтып, ұжым мүшелерімен, редакцияның ішкі қызметімен таныстырды. Алдағы жылы да Айбикеге сәттілік әкеліп, Токио олимпиадасына жолдама жеңіп алуға тілектестігін білдірді.
Айбике бала кезінен таэквондомен, басқа да спорт түрлерімен шұғылданып, 12 жасында Алматыдағы Қаркен Ахметов атындағы спорт мектебіне ауысып, осы семсерлесу спортына ден қойды. Жас ерекшеліктеріне орай әлемдік додаларда олжа салып Қазақстан атын шығарып жүрді. Кейіннен спорт колледжін тәмамдап, қазір ҚазМУ-дің дене шынықтыру және спорт факультетінде оқиды, болашақ мамандығы спорт саласының дәрігері.
А.НӘЖІМОВ