Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының ұйымдастыруымен белгілі жазушы-драматург Есенжол Домбайдың туғанына 80 жыл толуына орай “халықтық” атағы бар театрлардың облыстық фестивалі өтті.
Фестивальге қатысқан Калинин халық театры Е.Домбаевтың “Біздің ауылда қызықтар бола береді” атты 2 перделі, 3 көріністі комедиясын сахналады. Рөлдерде ойнаған Берік Жұмағазиев (Жәпек) - театр режиссері, Нұрхат Бралин (Иван Нерусский) - шаруашылық меңгерушісі, Нағима Хасанова (Салиха кемпір) - қоюшы режиссер, Гүлжан Қаженова (Ақпүліш) - ауылдық округтің әлеуметтік қызметкері, Балқаш Ажығалиева (Халила) - Манаев атындағы орта мектептің мұғалімі өз образдарын шынайы сомдап, көрермен қошеметіне бөленді. Музыкамен көркемдеуші Қадыржан Хасановтың шеберлігі де ескерусіз қалмады. Нәтижесінде жеті аудан мен қаладан оза шауып, І орын мен 200 мың теңгенің сертификатын иеленді. Оны Калинин халық театрының режиссері Берік Жұмағазиевке жазушы-драматург Есенжол Домбайдың жұбайы Сәуле Ғайниденова табыс етті.
Қанат ҒҰМАРОВ.