Аудандық турнир ардагер спортшыға арналды

(0 Votes)

Аудандық спорт кешенінде волейболдан өткен турнир аудан спортының дамуына елеулі үлесін қосқан, спорт ардагері, бүгінде 60 атаулы жасына толып отырған Марат Ниғыметовтың құрметіне арналды.

Командалар қаз-қатар сап түзеп, еліміздің биікке көтерілген туына қарап Әнұраны орындалды. Жүргізуші қатысушы командалар:

-Аудан әкімінің, білім бөлімінің, денсаулық сақтау бөлімінің, Байда, Қиғаш ауылдарының, М.Әуезов орта мектебінің, - деп таныстырып өткеннен кейін мерейгердің өткен өмір жолына қысқаша шолу жасады. 1958 жылдың 25 желтоқсанында қазіргі Құрманғазы округінде туылған. Абай атындағы орта мектепті 1976 жылы бітіріп шыққан. 1977-1979 жылдары Венгрия жерінде әскери борышын өтеген. 1979-1982 жылдары Петропавл индустриалды-педагогикалық техникумын бітіріп келіп 1982-2002 жылдары №3 кәсіптік-техникалық лицейде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен.2002-2005 жылдары облыстық мамандандырылған спорт мектебінің аудандық филиалында волейболдан жаттықтырушы болған. 2005 жылдан күні бүгіндерге шейін М.Әуезов атындағы жалпы орта мектепте спорт нұсқаушысы қызметінде жұмыс жасап келеді.

Аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленіп, облыстық білім бөлімінің, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің, аудан әкімінің алғыс хат, диплом, грамоталарымен марапатталған. 2012 жылы Құрманғазы ауданының «Үздік спорт саласының қызметкері» атағына ие болды. Шәкірттері де республикадан бері қарайғы түрлі спорт сайыстарының жүлдегерлері. Жұбайы Жұма екеуі 1 ұл, 3 қызына өнегелі тәрбие беруде.

Алғашқы құттықтау тілегін айтқан аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев спорттағы жетістіктеріне, жалпы адамгершілік қадір-қасиеттеріне жан-жақты баға берді. Өзінің де спорттағы үлгі тұтатын ағасы екендігін айтып жеткізді. Марат Ниғыметовтың кеудесіне ҚР Білім министрлігінің Ұлттық ғылыми практикалық орталығының бас директоры С.Мұстафаевтың қолы қойылған «Дене шынықтыру саласының үздік қызметкері» төсбелгісін және ауданның 90 жылдығы төсбелгісін тақты. Аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Еділ Баяров құттықтап, бөлім атынан дайындалған алғыс хатын табыс етті. Белсенді спортшы, орнықты, тәрбиелі азамат екендігіне мысалдар келтірді. М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептің директоры Марат Ғилаев:

- Мектебімізде үлгі тұтатын әріптесіміз, қарапайым, шындықты сүйетін азамат, ұрпағына қандай тәрбие берсе, шәкірттеріне де сондай тәрбие беріп отыр, аудан спортына қосқан үлесі мол, бірнеше спорт шеберлерін шығарды. Жұбайы Жұма екеуі сүттей ұйыған шаңырақ иелері, ұрпағынан қызық көрулерін тілеймін, - дей келе, алғыс хат пен естелік сыйлығын табыстады. Директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Алма Хасанова да әріптес ағасына ізгі тілегін үкілеп жеткізді. Басқа да тілек айтып, құттықтаушылар болды.

Аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің меңгерушісі Алмас Мұқашев мерейгерге арналған турнирдің үлкен тартыспен өткенінен хабардар етті. Жеңімпаз командалар мен жекеленген спортшылар түрлі дәрежедегі дипломдар, сый-сияпаттар иеленді.

Т.Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT