1-2 желтоқсанда Астана қаласының "Qazaqstan" жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен "Ауыл алаңынан Олимпиаданың тұғырына дейін" ауылдық нұсқаушылардың I республикалық конференциясы өтті.
Кеңеске Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты-ауыл спортының мәселелері мен өзекті мәселелерін талқылау, жергілікті жерлерде озық тәжірибені ұсыну. Әлемдік ареналарда Отанымыздың намыс туын көтеріп жүрген адамдардың басым бөлігі ауылдарға тиесілі екенін ескерсек, бұл сала әрқашан мемлекеттің назарында болуға тиіс.
Конференция аясында өңірлердің ауылдық спортына арналған көрмелермен қатар, білікті жаттықтырушылар мен ауыл чемпиондары туралы фотокөрмелер мен бейнематериалдар көпшіліктің назарына ұсынылды. Әр облыстың үздік ауыл нұсқаушыларына сыйлықтар табысталды. Құрманғазы ауданы Жұмекен ауылының спорт нұсқаушысы Қалиев Асыланбек Ғаділханұлы Атырау облысы бойынша үздік спорт нұсқаушысы атанды.

Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі