Астанадан алтын алды

(0 Votes)

Ауданымызда бұқаралық спортты дамытуға үлкен мән беріліп отыр. Соңғы жылдары құрманғазылық жас спортшылардың республикалық сайыстарда жеңіске жеткенін апта сайын еститін болдық десек жаңылмаспыз.

Естіген сайын көңіліміз марқайып, жерлестеріміздің жеңісіне қуанып қаламыз. Жақында, 12-18 мамыр күндері Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен Астана қаласында баскетболдан 7-8 сынып қыздары арасында республикалық Ұлттық мектеп лигасы өтті. Оған еліміздің әр өңірінен жас спортшылар қатысып, ойын көрігін қыздырды. Олардың қатарында жерлестеріміз, С.Н.Манаев атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары да бар. 

Тартысты өткен сайыста аталған мектептің оқушылары І орынды иеленіп, алтыннан алқа тағынып, ауданымыздың, облысымыздың абыройын асқақтатты. «Қуаныш бөліссе көбейеді» дегендей, бұл туралы Орлы ауылдық округінің әкімі аппараты хабардар етті. Елорда төрінде өткен республикалық лигада 17 команданың ішінен  С.Н. Манаев орта мектебінің 7 оқушы қызының  «Үздік команда» атанып марапатталуы үлкен жетістік. Жас спортшыларды бұл жарысқа дайындаған дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Төремұрат Сисенғалиев. Орлылық қыздардың жеңісті жолдары жалғаса берсін! 

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT