Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде Атырау облысы әкімдігі, Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен облыстық, аудандық мәдениет ұйымдарының имиджін нығайту, музей және кітапхана саласының тәжірибесімен алмасу мақсатында музей, кітапхана ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» облыстық фестивалінің үздіктерін марапаттау шарасы өтті.
Шараға Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары А.Жолаев, облыстық, аудандық музей және кітапхана ұйымдарының басшылары, қызметкерлері қатынасты. Фестивальге Атырау облысы және аудандарынан 16 музей, 20 кітапхана қатынасуға ниет білдірді. Олардың құжаттары Фестиваль Ережесіне сәйкес арнайы Мәдениет басқармасы бекіткен комиссияда қаралып, 2018 жылы 21-22 мамырда мәдениет және өнер саласы қызметкерлері күніне орай Астана қаласында өтетін «Рухани қазына» фестиваліне он номинация бойынша үздіктер жолдама алды.
Фестиваль барысында үздік деп танылған музей, кітапхана қызметкерлері 2016-2018 жылдардағы кәсіби жетістіктеріне, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған іс-шараларға, ғылыми басылымдарына, инновациялық технологияларды енгізудегі жетістіктеріне тоқталып баяндама жасады, арнайы дайындалған бейнероликтерін көрсетті. «Рухани қазына» облыстық фестивалінің қорытындысы бойынша «Үздік аудандық музей қызметкері» - Құрманғазы аудандық музейінің меңгерушісі Гауһар Тауманова, «Үздік маңызы бар аудандық кітапхана» - «Құрманғазы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» - Бақыт Ғабдолова, «Үздік аудандық кітапханашы» - Людмила Рахметова, «Құрманғазы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» оқырмандар қамту бөлімінің бөлім меңгерушісі иеленіп, арнайы кубоктармен, дипломдармен марапатталды. Енді осы үш жеңімпаз Атырау облысының атынан Астанаға барып, республикалық «Рухани қазына» фестивалінде өз бақтарын сынап көреді. Аудан, облыс абыройын өз салалары бойынша көтерген жеңімпаздарымызға алға қарай да шығармашылық табыстар тілейміз.
Т.ДӘРЕЛҰЛЫ.