Ауданымыздың түлегі, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, облыстық «Атырау» газетінің бөлім меңгерушісі Гүлзада Рахметқызы Ниетқалиева аудан әкімдігінің арнайы шақыртуымен ауданымызда болып, жұртшылықпен кездесулер өткізді. Ақынды ауылдас ағайын қай жерде болмасын құшақ жайып қарсы алып, зор ілтипаттарын көрсетті. Сыр менен жырға толы кештерде Гүлзада Ниетқалиеваның өлеңдері оқылып, өмірінен, шығармашылығынан қойылымдар көрсетіліп, ол әдеби-сазды бағдарламаларға ұласты.
Гүлзада ақынмен бірге оның өмірде тапқан достары, шығармашылығы жағынан тығыз байланыстағы өнер адамдары, ағайын-туыстары болды. Олардың арасынан белгілі өнер қайраткерлері, сазгер-әншілер Сәуле Жанпейісова, Гүлмайдан Сүндетова, Ханзада Сахипова, өнертанушы Алма Андарбаева, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкері, ғылым кандидаты, доцент Рысхан Тоқбергенова, Атырау облыстық зертхана басшысы, ветеринария ғылымдарының кандидаты Айжан Дәулетиярова айрықша көзге түсті. Ақын туған Көптоғай ауылындағы С.Мұқанов атындағы, он жылдықдықты бітіріп, қолына аттестатын ұстатқан Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептерде жылышырай жүздесулер өткізілді.
«Көптоғай» - туған жерінде
Ақын қыз Гүлзада Ниетқалиева осы «Көптоғай» өңірінің түлегі. Көркі көз жауын алатын шұрайлы аймақтан мұндай жыршы құс - Гүлзаданың шығуы заңдылық сияқты. Әкесі Рахмет Ниетқалиев сондағы кездесуде: - Кішкентай кезінен қиялилау болып өсті. Өз дегені болмаса айтқанға иіле қоюы қиын еді. Осы маңдағы көлге жападан-жалғыз аққулардың таранғанын, шомылғанын, ұшқанын көремін деп кетіп қалушы еді, деген естелігімен бөліссе, ол болашақ ақынның сол кезден қалана бастаған өзіндік болмысы, ерекшелігі деуге келеді. Ақын қызды бірінші сыныптан сегізінші сыныпқа дейін оқыған С.Мұқанов орта мектебінің залына ауылдастары ине шаншыр орын қалдырмай жиналып күтіп отыр екен.
Шара кейіпкері Гүлзада қыздары сазды әуеннің ырғағымен қызы Ардақтым екеуі сахна төріне, өздеріне арналған орынға құрметпен көтерілді. Көптоғайлықтар бұл кешті «Қарлығашы Қиғаштың» деп атапты. Ол Гүлзаданың әкесі, ұстаз әрі ақын Рахмет Ниетқалиевтың М.Уәлиевпен бірлесіп жазған «Көптоғайым» әнімен ұстаз Мөлдір Оспанқызының орындауында ашылды. Ағыл-тегіл тілектерге кезек берілді. Ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы, тарих пәнінен сабақ берген ұстазы Қайыржан Өтепов шәкіртінің өте жақсы оқығанын, адалдығына, ақ көңілдігіне, түрліше мысалдар келтірді.
Алма Андарбаева: -Әкем қоңыр домбыраны әлемге танытса, біздің Гүлзада қазақ өлеңін Лондон жерінде асқақтатты,-деді. Белгілі әншілер Гүлмайдан Сүндетова шара иесінің сөзіне жазылған «Астанам-әнім», «Атырауым - мекенім», Ханзада Сахипова «Жан әке» әнін орындады. Ал, Сәуле Жанпейісова Илья Жақановтың әйгілі «Еділ мен Жайығын» төгілтті. Құрбысы, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Гүлфара Құбаева Ганюшкин мектеп-интернатындағы бірге істеген күндерінен әсерлі естеліктер өре білді. Әсіресе, осы мектепке алғаш келген біртуар ақын Фариза Оңғарсыновамен болған Гүлзаданың жүздесуі, оның болашақ ақын екендігіне анық дәлел болғандай. Гүлзаданың өзі, ауылдастары, әкесі Рахмет Ниетқалиев ақжарма тілектерін жеткізді. Ауылының ақынымен қауышуы соншалықты әсерлі өтті. Балғын балалар сапқа тұрып жерлес ақын апаларының өлеңдерін кезек-кезек оқыды. Қорытынды сөзінде округ әкімі Сағындық Мұратов, С.Мұқанов мектебінің директоры Күнсұлу Сүйінова «Естелік хаттар», сыйлықтар табыстады. Гүлзада Ниетқалиева ақын сөйтіп, туған жерінде өзі жиі жырға қосып келген «Қиғашымен» бірге толқыды, ауылдастарымен емен-жарқын көрісті.
Алтын ұя мектеппен қауышқан сәт
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте өткізілген Гүлзада Ниетқалиеваның «Өлеңге айтып жүрегіндегі жан сырын» атты кездесу кешінің шымылдығын құттықтау сөзімен ашқан Киров ауылдық округінің әкімі О.Тәжібаев алтын ұя мектебінен түлеп ұшып, ұлы өмірге жолдама алған ақынның ортамызға келуі мерейімізді өсірген үлкен қуаныш екенін алға тартып, оған арнаған Құттықтау хаты мен естелік сыйлығын табыстады. Белгілі ақын Г.Ниетқалиева өзінің білім ошағына, ұстаздарына деген сағынышын жеткізіп, жыр сүйер қауымның көңілін қара өлеңнің құдіретімен бір көтеріп тастады. Сынып жетекшісі болған Гүлжиян Бахышева апайы бір топ сыныптастарымен сахна төріне көтеріліп, ақжарма тілектерін ақтарып, ұмытылмастай естелік болып қалған жастық шаққа саяхат жасады.
Аудандық, облыстық «Фариза оқуларының» жеңімпазы Г.Қабдрашитова, Дәулеткерей саз мектебінің оқытушысы Н.Исаев ән мен жырдан шашу шашты. Кеш иесінің өнер, өмір табыстырған, шығармашылық одақтағы апалары мен үзеңгілес құрбылары Алма Андарбаева, Гүлмайдан Сүндетова, Ханзада Сахипова, Сәуле Жанпейісова жүрекжарды лебіздерін білдіріп, таныстықтары мен шынайы достықтары қалай, неден басталғандары жөнінде сыр тарқатты. Көрерменге ыстық көңіл күй сыйлау мақсатында ақынның сөзіне жазылған «Астанам-әнім», «Атырауым мекенім», «Фариза – жыр биік», «Жан әке» әндерін әуелетіп, кештің көркін қыздырды. Қазақтың қара домбырасымен термені нақышына келтіріп орындаған Ариана Саматқызына елге танымал дәстүрлі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова ақ батасын беріп, «өнердегі жолың ашық болып, еліңнің даңқын асыр» деген ниетпен өз домбырасының үкісін сыйға тартты. Айтыскер-ақын Мүтиғолла Ғани, мектеп директоры Болатбек Сайыпов туған жеріне тағзым етіп, рухани сұхбаттасуға, сағынысып көріскен елмен сырласуға келген ақын қыздарына зор ризашылықтарын жеткізіп, гүл шоқтары мен Құттықтау хаттарын ұсынды. Өз кезегінде Гүлзада ханым білім ошағына «Жүректегі жанартау» атты кітабының бір байламын табыстады.
Аудан тұрғындары ортасында
С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі ақын, ғалым, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, жақында ғана Лондон қаласында «Жүректегі иман гүлі» атты кітабының тұсауы кесілген жерлесіміз Гүлзада Ниетқалиеваның «Қарлығашы Қиғаштың» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылды. Алдымен зал толы көрермен Лед экран арқылы жерлес ақынның шығармашылығы жан-жақты қырынан көрсетілген бейнефильмді тамашалап, дәстүрлі дінімізді, ердің ерлігі мен мәрттігін, отансүйгіштігін, өнердің өшпес даңқын насихаттаған төл туындыларынан хабардар болды. Киров халық театрының әртісі ақынның кіндік кескен туған жерге деген іңкәрлік махаббатын психологиялық иіріммен, философиялық тереңдікпен шебер ұштастырған монологын асқан шеберлікпен оқыды.
Д.Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебінің ұстаздары Милана Боқанова мен Гүлзада Кенжешова ақынның сөзіне жазылған «Қиғашым» әнін тамылжыта орындады.
Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов:
- Туған жерінен бала болып аттанып, дана кейпінде оралған ақын қызымыз бүгінде замандас достары, қаламдас құрбылары, шәкірттерімен ел алдындағы есеп беру кешін өткізіп отыр. Шабытыңыз ортаймасын, қаламыңыз мұқалмасын, қанатыңыз талмай, шығармашылық еңбегіңізбен кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге бола беріңіз, - дей келе, ұлтымыздың қара өлеңін шет елге ұлықтата білген, елдің мерей-мәртебесін арттырған ақын қарындасы Г.Ниетқалиеваға Алғыс хатын тапсырды. «Поэзия падишасы» атанған Фариза Оңғарсынова апамызбен сыршыл ақынның туған елінің тағдыры туралы сырласып жазған «Жайық қашып барады» дастан-диалогының сюжетімен ұсынылған сахналық қойылымын көрермен ыстық ықыласпен ұйып тыңдады.
Кеш қонағы Сәуле Жанпейісова Г.Ниетқалиеваның сөзіне жазылған «Фариза – жыр биік» әуезді әнін тарту етті. Кеш иесінің шығармашылығына аудандық орталықтандырылған кітапхананың оқырмандарды қамту бөлімінің меңгерушісі Людмила Рахметова кең көлемде шолу жасап, «Ақбота күнді аңсаумен», «Ардақтым», «Жүректегі жанартау», «Хазар қасидалары», «Аллажар», «Жыр маржаны», «Дара», т.б. атты бірнеше жыр кітаптары мен монографиялық жинақтарының ішкі мазмұны мен құрылымы туралы баяндады. Елімізге танымал дәстүрлі әнші, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова шығармашылық байланыстағы досы оған «Мәңгі дауыс» атты поэмасын жазғанын мақтанышпен айтып, Төлеген Айбергеновтің сөзіне жазылған «Ортаңа келді өз балаң» атты әнін домбырамен орындап, өнердің киесі мен биік қасиетін сезіндірді. Сонымен бірге қазақтың салтына сай бір топ құрбылары атынан кеш иесінің иығына қамзолы мен орамалын жапты. Халық емшісі, ел анасы Дәметкен Серікбайқызы 1998 жылы оның алдына келген ақын қызының бойынан үлкен күш көретінін айтып, Қарлығаш атаның батасын беріп, оның ауылда қалмауын ескерткені жөнінде естелігімен бөлісті.
Сахна төріне көтерілген өнертанушы Алма Андарбаева және облыстық филармония әншілері Ханзада Сахипова, Гүлмайдан Сүндетова жылы лебіздерін жолдады. Тілек соңы өнер иелерінің ақынның бүкіл болмысын ашып тұрған «Жамалым», «Жан әке» әндерін орындаумен ұласты. Академик-жазушы, өлкетанушы Өмірзақ Қажымғалиев: - Күні кешегі тұлымшағы желбіреген қызымыз, өзінің еңбегіменен өрге шығып, биік шыңды бағындырған сәтінде туған жерімен қауышып отыр. Поэзия саласындағы жетістігі жайлы біраз дүниелер айтылды, мен оның адами қалпына тоқталғым келеді. Гүлзада «мен» деп ешқашан көкірегін соқпаған, өскен сайын кішірейген, өте кішіпейіл жан. «Қиғаштың қарлығашы» деп өзі айтқан теңеуінің шешуі бар. Таңертеңгілік өзеннен көтерілген будың қалыңдығынан күн сәулесі көзге көріне алмай, сол жерді бозамық нұрға бөлейді. Бұл сәтте өзіңді ертегі ғажайыптарына енгендей сезінесің. Соның арасында тіршілікке тамшы іздеп қарлығаш ұшады.
Ал біздің Гүлзада өмірге нәр тамшысын іздеп ұшқан қарлығашымыз. Сондықтан оған аталмыш теңеу, шараның аталымы дәл өзіне арналғандай. Ол тасқындап емес шымырлап, жалаулап емес жалындап келе жатқан ақын, - деп, ақын өлеңдерінің асаулығын, өмірдегі көлеңкелі көріністерді сынап-мінеп жіберетін тұстары бар екендігін жасырмады. Ізгі тілектер легін ақынның әкесі, білім саласының ардагері Рахмет Ниетқалиев, аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов, жеке кәсіпкер Сағынжан Рахимов, айтыскер ақын Мүтиғолла Ғани жалғастырды. Гүлзада Рахметқызының «Тұмар ханым» поэмасы негізінде жасалған мақаштық өнерпаздар ұсынған сахналық қойылымы көрерменнің көңілінен шықты.
Кеш соңында ақын, жерлесіміз Гүлзада Ниетқалиева туған жерге арнайы алдырып, халқымен қауыштырған аудан әкімі Бибоз Шаяхметовке, аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаевқа зор ризашылығын жеткізді. Үш сағатқа созылған шарадан рухтанбай, жігерленбей қайтқан адам кемде-кем. Бәрі де тыңдарман жүрегін баураған кештің тағылымын айтып тарқасты. Рухани сана жаңғырығы дегеніміз кәміл осы.
Т.ДӘРЕЛҰЛЫ, А.ШАКУПОВА.