Бала тәрбиесін бүгінгі заман талабына сай жан - жақты жетілдіру, білімді де саналы тұлғаны қалыптастыру – өмірге ұрпақ әкелетін ата - анаға ғана емес, мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру мекемелерінің қызметкерлеріне де жауапты міндеттер жүктейді.
Бүгінде педагог мамандар заман талабына сай жаңа технологияны игеріп, іскерлік пен ізденімпаздықты, білімділік пен біліктілікті бойларына сіңіріп, бүлдіршіндердің денсаулығын нығайтуға, оқу- тәрбие үрдісін жетілдіруге баса назар аударады. «Балбөбек» бөбекжай балабақшасында «Денсаулық» апталығына байланысты «Қарлы алаңда» атты ата-аналар арасында спорттық шара ұйымдастырылды. Мақсаты – отбасы мен балабақша арасындағы қарым-қатынасты нығайта отырып, дені сау, білімге, өнерге құштар ұрпақ тәрбиелеу, оларды отаншылдыққа, еңбексүйгіштікке баулу. Алдымен дене нұсқаушысы балабақшаның 12 тобынан қатысқан ата-аналарды таңғы сапқа тұрғызып спорттық жаттығу жасатты. Балабақша меңгерушісі Жанар Абдуллина аталмыш шараның өткізудегі мәні мен мақсатына тоқталып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. «Мерген көз», «Кім жылдам?», «Аққала құрау», «Шыршаға жет!» сияқты қызықты кезеңдерде ата-аналар түрлі тапсырмаларды орындап, эстафеталық жарыстарда өздерінің белсенділіктерін көрсетті. Бұқаралық спортқа баулитын бұл шара – қатысушылардың көбісі үшін отбасылық мереке. Өйткені, асыр салып ойнаған бүлдіршіндер де ата-аналарымен бірге уақыттарын көңілді өткізді.
Сонымен қатар, апталық аясында қазақтың ұлттық ойындарының бірі «Асық ату» жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Бес жұлдыз», дойбы, тоғызқұмалақ ойындары да насихатталып, жеңімпаздар анықталды. Мерекелік шара ұжым қызметкерлерінің үш топқа бөлініп, эстафеталық жарысымен жалғасын тапты. Өзара бақ сынасқан қатысушылар «достық жеңді» деген тұжырымға келді. Соңында ұйымшыл ата-аналар мен балабақша ұжымы даладағы аязды күнге қарамастан самаурын қайнатып, ыстық тағамдарын әзірледі.
А.Шакупова.