Ардагер ұстаз Нұрлығайын Нұғыманов жазушылар одағына қабылданды

(0 Votes)

Ардагер ұстаз Нұрлығайын Нұғыманов ағамыздың есімі ауданымыздың үлкенді-кішілі оқырмандарына кеңінен таныс. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған абзал азаматтың қаламгерліктен де ауылы алыс емес.

Сонау жетпісінші жылдардан бері  өмірі өлеңмен өріліп, әдемі  жырларын желкен етіп, поэзия айдынында еркін жүзіп келеді. Қаламгерлердің қасиетті қара шаңырағы Қазақстан Жазушылар одағына өту – биік мәртебе және әр қалам иесінің иығына жауапкершілік міндет жүктейді. Ауданымыздың жазушыларының қатары тағы бір мүшемен толығып, үшеуге жетіп отыр.

«Көл – тамшыдан құралады» дегендей, қазақтың әдеби қазынасын толтыратын осындай ағаларымыз ел мақтанышы. Шығармашылығына келсек, Нұрлығайын Нұғыманов ағамыздың жазған өлеңдері  түрлі республикалық басылымдарда, облыстық «Атырау», аудандық «Серпер» газеттерінде жиі жарық көріп келеді. Облыста өткен бірнеше жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Сонымен қатар, жауһар жырлары бірқатар жинақтарға да енді. Аудан көлемінде өткен мерекелік шараларда оқушылар мен өнерпаздар талай мәрте сахна төрінен де өлеңдерін оқып, көрермен қошеметіне бөленді. Ақынның әр жылдары шыққан «Шапағатты шақ», «Нұрлы наздар», «Иірімдер», «Ұлы далам – байтағым» атты кітаптары оқырмандар тарапынан лайықты бағасын алды.

Ақын ағамызға мерейлі сәтіңіз, алар асуыңыз көп болсын деген тілек айтамыз. Жаңа туындыларыңызбен қалың оқырмандарыңызды қуанта беріңіз!

 

 

Айнагүл Күнұзаққызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521