Атырау қаласында Динара Садуақасова атындағы шахмат Академиясының Атырау филиалында ардагер шахматшылар арасында облыстық жарыс өтті.
Турнирге барлық аудандар мен Атырау қаласынан ең мықты деген ардагер спортшылар қатысып бақтарын сынады. Ауданымыздан қатысқан Есей Хусайыновтың мерейі үстем түсіп, І орынды иеленді. ІІ және ІІІ орындар Атырау қаласынан қатысқан Бөкенбай Ағашы мен Сатыбалды Көпжасаровқа тиді.
Сонымен қатар, араға біраз күн салып Атырау қаласында рейтинговый рапидтан (жылдам шахмат) турнир ұйымдастырылды. Швейцар жүйесімен өткен екі турдан тұратын бұл жарысқа облысқа есімі белгілі шахматшылар жиналды. Мұнда да Есей Ақтайұлы тамаша шеберлігімен, ойын техникасын жақсы меңгеріп, жылдам шешім қабылдай алуымен тәнті етті. Нәтижесінде 7 ойыннан 6 ұпай жинап, 63 жастан асқандар арасында І орынға шықты. Осылайша екі жарыстан да медальдар мен дипломдар алып, ауданымыздың абыройын асқақтатты.
Айнагүл Шакупова