«Алтын жүректі адам»

(0 Votes)

Аудандық орталықтандырылған кітапханада «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңіске жеткен тұлға, «Алтын жүрек-2015» сыйлығының иегері, 2017 жылдың қорытындысымен «Жыл адамы» болып танылған «Атырау. Шағын ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Күмісқалиевпен «Қайырымдылық – жылы жүректен» атты кездесу кеші ұйымдастырылды.

Кітапхана директоры Б.Ғабдолова саналы өмірін қайырымдылық жолына арнаған өңірімізге «алтын жүректі адам» ретінде жақсы таныс Ерлан Күмісқалиевті ортаға шақырып, аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Кеш қонағы «Канистерапия» деп аталатын әдісті қолданған дәрігер емнің қыр-сырымен бөлісті. - 2006 жылдың аяғында ауыр науқасқа ұшырадым. Күннен-күнге жағдайым нашарлағасын, жаныма дауаны шетелден іздедім.

Алайда, әбден бетім бері қарамайтынына көзім жеткесін, «Осыдан ауруымнан айықсам, ең соңғы демім қалғанша, еліме қызмет етемін.Сауап қылуға тырысамын. Мені дертімнен айықтыра көр» деп, Аллаға жалбарындым. Тілегім қабыл болып, ауруымнан жазылған соң аутизмге, психикалық дамуы кешеуілдеген және церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды иттердің көмегімен емдеу тәжірибесін белсенді түрде енгізуді қолға алдым. Өйткені ит терапиясын науқасқа қолдануды өзім Ресейде жатқан ауруханадан көрдім. Алғашында төрт аяқты жануардың ауруға шалдыққан жандардың қасында не істеп жүретінін түсінбедім. Кейін уақыт өте келе аталмыш терапияның адамға үлкен пайдасы бар екеніне көзім жетті. Мейірімді төбеттер санаулы күндерін ғана бастан өткізіп жатқан біз сияқты науқастардың өміріне үлкен өзгеріс, қуаныш әкелді. Біз олардың келуін кәдімгідей күтетінбіз. Міне, сол жағдайдан кейін менде канистерапияны Атырауға енгізу туралы ой туындады.

Шетелдегі емдеудің осы әдісінің теориясын оқып, Ресейдің Мәскеу, Самара, Саратов, Нижний Новгород қалаларын араладым. Өзімнің де бірінші мамандығым фельдшерлік болғандықтан, тақырып маған аса жат көрінбеді. Тек лайықты күшіктерді табу қиындау болды. Лабрадор тұқымдас иттер балалардың ұзаққа созылған торығудан және психикалық даму проблемасынан құтылуына көмектеседі.

Сөйтіп, 2012 жылы Ресейдің Саратов қаласынан осындай екі күшік дүниеге келгені туралы хабар келіп, мен алуға бірден келістім. Бастапқыда бұл әдісті көшеде көп иттердің ортасында қалып, психологиялық күйзеліс алған, жолдас жігіттің 6 жасар қызына қолдандым. Нәтижесінде, кішкентай қыз иттермен қыдыратын дәрежеге жетті. Ендігі арманым ат баптайтын орталық ашып, сондағы жылқыларды балаларды емдеуге пайдаланғым келеді. Атқа міну олардың қимыл, қозғалысын жақсартады. Бұл – әлемдік тәжірибе.

Бізге қазір әкімшілік Атырау қаласынының маңынан бес гектар жер бөліп берді. Бұл жерде тек ат баптайтын орталық қана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін егу ойымызда бар. Мен балаларға бау-бақша отырғызуды көрсеткім келеді. Болашақта ерекше балаларды ат спортынан параолимпиадаға дайындауды қолға алғым келеді, - деп кеш қонағы алдағы жоспарларын ортаға салды. Қатысушылар толғандырған сұрақтарын қойып, емдеу курсының ұзақтығы, оның нәтижесі қай кезден бастап білінетініне қызығушылық танытты. Орталыққа жазылудың жолдарын сұрап, балаларына қойылған диагноздың түрлерімен бөлісті. Соңында дәрігер әр бүлдіршінді жеке қабылдап, ата-аналарына өзінің ақыл-кеңесін берді.

А.ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT