Атырау жас ақын-жазушыларының антологиясы «Алаужыр» аталыпты.
Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан Жазушылар одағының жанынан «Фариза жұлдыздары» атты жас ақындар клубының ашылғанынан хабарлымыз. Ғ.Сланов атындағы облыстық кітапхананың ғимараты ішінен орын берілген. «Руханият» Жастар ұйымы қоғамдық бірлестігіне республикаға танымал ақын Әлия Дәулетбаева жетекшілік етеді. Атыраудың талантты, жалын жастарының жинағы 500 данамен тарап отыр. «Жинақтың басты мақсатының өзі – бүгінгі жастар шығармашылығын кең көлемде насихаттау» деп Қ.Жылқышиев жазғандай, рухани жаңғырудың желісіндей көрінеді. «Алаужыр» жинағына 24 автордың тартымды туындылары енген екен. Оның 19-ы өлең өлкесіне өрістесе, бесеуі прозада әңгімеге ден қойыпты. «Кітапқа енген өлеңдердің, әңгімелердің осы қалайы жоқ, төрт аяғын тең басқан сәйгүліктер іспетті, бірінен-бірі асып түседі» деп Қойшығұл бағасын қойып қойған шығармалардың шашасына шаң жұқпауын тілейміз.
Бізді қызықтыратыны және қуантатыны: топталған авторлардың жетеуі Құрманғазы топырағында туғандар болып тұр. Олар туралы толық мәлімет берілмесе де, іздеген жоғын танитын кәнігі малшыдай жазғандарын оқып жүргендіктен топшылап отырмын. Амандық Абдол, Әйгерім Түсіпқали, Бақытгүл Сәрмектің өлеңдері мен Нұргүл Ысмағұлдың әңгіме, новелласымен 2013 жылы шыққан «Сезім» атты жастар жинағынан таныс та едім. Олар ол кезде өлең өріне қол созған өрендер болып көрінген. Енді аламанға ат қосқан ақындардың қатарына Раббина Бату, Еркеназ Қалижан, Ақтілек Абаева келіп қосылды. «Алаужырда» Нұргүл прозада қалыпты да, Амандық пен Бақытгүл поэзиядан прозаға ауысыпты.
Бақытгүл Сәрмекованың кең тынысты «Қызыл туфли», «Ақындардан жеріну» әңгімелерін бұған дейін газеттерден оқығам-ды. Жатқан қоянды қашқан қоян ала кетеді дегендей, ақын-аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың рухани демеуімен шыққан «Қарагер тай» (Атырау газеті) әңгімесі толғандырып тастады. М.Ершу: «Б.Сәрмековада мінез бар. Мінезді талант! Ең бастысы ол ойлай алады. Ауыл суретін, адам мінезінің сан қырлы қатпарларын әдемілеп өзінше жеткізе алады. Тілі жатық, юморға жақындау. «Шабыттың» лауреаты атанған Бақытгүлдің ізденуге құмарлығы байқалады және өзіне талап қоя алатыны да аңғарылады жазғандарынан» деп байыпты бағалапты.
«Алаужырда» Бақытгүлдің «Итгершілік», «Түйебай» деген екі әңгімесі берілген. Алғашқысында иесіне адал, адамның досы «Ақтөс» итті негізге алады. Маржан Ершу айтқан мінез бен юмор мұнда да жүр. Иесі Талап дүниеден өткеннен кейінгі сараң Маржанға қарап қалған Ақтөстің күйі қоңырала тартады. Босағаны күзетіп, ақсақ Елтайды қапса да, одан мейірім табады. Ол да ұзаққа бармай Елтайдың қолымен уланған наннан өлген иттің «Итгершілігі» ойлантады. Автор: «Адамдар бақытты, ә? Күлкісі келсе күле алады... Адамдар бақытты ғой, жылағысы келсе, көзінің жасын көл етіп жылай алады» деп әредікте иттің басына ой, аузына сөз салады. Бақытгүлдің әңгімесінде ауыл тірлігін образбен жеткізу басым. Оқиғасы өмірде кездесетін жағымды- жағымсыз жайттар. «Алаужырды» айтып отырып, Б.Сәрмекованың шығармашылығына ауа жайылғанды оқырман артық көрмес.
Есмұхан Жанизин,
кітапханашы.