Алматы қаласында пара жеңіл атлетикадан жастар арасында өткен Қазақстан чемпионатына еліміздің 11 өңірінен 60-қа жуық спортшы бақ сынады. Жарыс түрлі қашықтыққа жүгіру, ұзындыққа секіру, найза лақтыру және диск лақтыру сынды дисциплиналардан тұрды. Турнирдің түпкі мақсаты үздік спортшыларды анықтап, ұлттық құрама қатарын жасақтау болды.
Екінші рет ұйымдастырылып отырған біріншілікке 14-21 жас аралығындағы тірек-қимыл аппараты және көру мүшесі зақымдалған спортшылар қатысты. Алдыңғы жылға қарағанда қатысушылар санының артуы еліміздегі пара жеңіл атлетиканың қарқынды дамып келе жатқанындығын көрсетті. Додаға қатысқан З.Серіқалиұлы атындағы мектеп-интернатының 8 сынып оқушысы Ақтоты Мұптахиева найза лақтырудан чемпион атанды. Біріншілік жеңімпазын Ерлан Жұмарыстанов жаттықтырады. Жалпы командалық есепте Атыраудан барған пара спортшылар топ жарып, бірінші орынды иеленді.