Абдирова Дана – Әлем чемпионатының күміс жүлдегері!

(0 Votes)

2025 жылдың 5–8 қазан аралығында Оңтүстік Америка құрылығындағы мемлекет  Перудің астанасы Лима қаласында дзюдодан жастар арасындағы  әлем чемпионаты өтті.

Байрақты додаға әлемнің 65 елінен 463 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Атырау облысының спортшысы Абдирова Дана 57 келі салмақ дәрежесінде тамаша өнер көрсетіп, күміс медальға қол жеткізді. Жарыс барысында ол Ресей, Польша, Жапония және Бразилия елдерінің мықты спортшыларын тізе бүктіріп, финалға жолдама алды. Шешуші белдесуде тағы бір жапониялық спортшымен кездесіп, тек соған жол берді. Осылайша Оңтүстік Америкадағы әлем чемпионатында қазақ спортшысы, ел үмітін арқалаған Абдирова Дана күміс жүлдегер атанды! Бұл жеңіс – Қазақстан дзюдо мектебінің әлеуетін тағы бір дәлелдеген жарқын сәттің бірі.
Дананың жеке бапкері, Атырау облысының жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Зинуллаев Жасұлан Бекжанұлының еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Ол шәкірт тәрбиелеуде табандылығымен, ізденісшілдігімен және ел спортына адалдығымен танылып келеді. Жасұлан бапкердің спорттағы іргетасы өзінің туған жері — Құрманғазы ауданы, Нұржау ауылында қаланған. Ауылда дзюдо мен самбо күресінің дамуына түрткі болған, ел ішіндегі нағыз спорт жанашыры – Қайыржанов Ғабиден Хатипұлы еді. Сол  кісінің бастамасымен 2001 жылы Нұржауға жас маман, жаттықтырушы Жақсиев Данияр шақырылып, ауыл балаларының спортқа бет бұруына жол ашылды. Даниярдың шәкірттердің бірі — бүгінде ел намысын абыроймен қорғап жүрген Зинуллаев Жасұлан болатын. Бүгін, міне, сол ауылдан шыққан бапкердің шәкірті – Абдирова Дана әлемдік аренада ел туын биікте желбіретіп отыр. Бұл – жеке жетістік қана емес, тұтас бір мектептің, ауыл спортының жеңісі! Ауылдан шыққан азаматтардың еңбегінің еш кетпегенінің айғағы. Қайыржанов Ғабиден Хатипұлы бастаған игі істің жемісі бүгінде әлемдік деңгейде көрініс табуда.

Барша қазақ еліне, Атырау спортына және Нұржау жұртына бұл жеңіс құтты болсын! Жас буынға шабыт, ел спортына серпін берсін! Жасұлан бауырым еңбегіңіз еселеніп, шәкірттеріңізден  Олимпиада чемпиондары шығуын нәсіп етсін.

Ғайса Ринат

Нұржау селосы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT