Өзіне талап қоймағанның, өзгеге сөзі өтпейді

(0 Votes)

Аудан әкімдігінде өткен кеңейтілген аппарат мәжілісінің күн тәртібінде алғашқы болып Құрманғазы аудандық орталық ауруханасы шаруашылық жүргізу құқындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынының директоры Гүлсара Мүтиеваның аудан бойынша туберкулезге қарсы атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы хабарламасы тыңдалды.

Хабарламашының айтуынша жалпы диспансерлік есепте туберкулездің активті түрімен 2018 жылдың 6 айында 132 науқас есепте тұр. Биылғы жылы жалпы аурушаңдық 3 науқасқа түскен. Алғаш рет туберкулезбен ауру көрсеткіші осы жылдың 6 айында 27 адам болған. Олардың ішінде балалар мен жасөспірімдер жоқ. Кейбір науқастар ауданда тұрмағанымен ауылдық округ есебінен шықпағандықтан диспансерлік есепке тіркеуге тура келіп отыр. Мысалы, ағымдағы жылы тіркелген 10 ауру адам Атырау қаласында анықталған. Оның арасында алды 8, соңы 3-4 жылдан бері облыс орталығында тұратындары бар. Сонда оқиды, жұмыс жасайды. Кейбір селолық округтерде алғашқы аурушаңдық былтырғы жылмен салыстырғанда аудандық көрсеткіштен жоғары. Ауылдық округі бойынша атағанда Ақкөлде -1, Мақашта -2, Құрманғазыда-9 ауруға өскен. Флюорографиялық тексерудің орындалуына келсек, ол Бірлік, Көптоғай, Сафон, Нұржау, Қиғаш, Теңіз, Мақаш, Байда ауылдық округтері бойынша 100 пайызға жетпеген. Осыларды және басқаларын айта келе Г.Мүтиева: - Округ тұрғындарының есебін дұрыс жүргізу керек. Тұрғындарды уақытылы флюорографиялық тексерістен өткізуді назарда ұстаған жөн. Манту сынамасына, БЦЖ екпесіне қарсы болған ата-аналармен дұрыс түсінік жұмыстары жүргізілуі қажет, - деп округ әкімдерін бұл істі жақсы ұйымдастыру үшін көмек көрсетуге шақырды. Хабарламашыға аудан әкімі Бибоз Шаяхметов, аудан әкімі аппаратының құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Маркс Мұстахишев сұрақтар қойды. Аудандық шипажайдың басшысы Амантай Арыстанәлиев бұрынғы ғимараттың жағдайына қатысты аудан басшысы тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.

МҮГЕДЕКТЕРГЕ ҚОЛДАУ БАР

Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Абдуррахман Муса мүгедектерді оңалту бағытында атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы хабарламасында:- Ауданымыз бойынша 2018 жылдың маусым айында 2285 мүгедек тіркеуде тұр. Үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша 2017 жылы мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде 26 тірек-қимыл аппараты бұзылған, психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек бала қамтылды. Өткен жылы 39 мүгедек бала үйден оқытылса, биылғы жылдың алғашқы жартысында олардың саны 40-қа жетті. Жыл басынан бері 26 адам 15 таяқпен, 7 жетек арбалармен, 1 таяқ тіреуішпен, 2 балдақпен, 1 қақпақ ашқышпен қамтылды. Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде сурдотехникалық құралдармен 2018 жылдың алты айында 34, тифлотехникалық құралдармен 71, кресло-арбалармен 12 адам қамтылса, міндетті гигиеналық құралдармен 150 адамды қамту жоспарлануда, - деп басқа да атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Аудан әкімі Б.Шаяхметов хабарламаға қатысты кейбір сұрақтар берді. Биылғы жылдың ІІ жарты-жылдығына баспасөзге жазылудың қорытындысын баяндаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жалғасбай Шамбозов: - Жалпы, барлық баспасөз бойынша 2018 жылдың ІІ жартыжылдығына ауданға берілген тапсырма 15300 дананы құраса, ол 12105 дана болып, 79,12%-ға орындалды. «Серпер» газеті бойынша ауданға берілген тапсырма 5590 дана болса, 5649 данаға жазылып, 101,1 %-ды құрады. Күні бүгінде жыл басында жазылған 437 және ауданнан тыс жерлердегі 60 дананы қоссақ, «Серпер» 6146-ға жетті. «Атырау» газетіне жазылу 2150 дана болса, аудан бойынша 1572-сі орындалып, 73,1 %-ды құрап отыр. «Прикаспийская коммуна» газеті бойынша ауданға берілген тапсырма 385 дана, орындалғаны 218, яғни 56,6%. Мақаш, Жаңаталап ауылдық округтерінде аталған газетке ешкім жазылмаған. «Егемен Қазақстан» газетіне 985 данаға жазылуымыз қажет болса, ол 747 дананы құрап 75,8%-ды көрсетті. «Казахстанская правда» газеті 95 дана берілсе, ол 30 болып орындалып, 31,6% -ды құрады, - деді.

ЖАЗЫЛУДА СОҢҒЫ ОРЫНДА ЖҮРЕДІ

Ақкөл (Б.Рамазанов), Жаңаталап (О.Тәжібаев), Кудряшов (С.Ертелеуов) ауылдық округтері бойынша басылымдарына жазылу неге төмендігін сұраған аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы: - Баспасөзге жазылу – мемлекеттік саясат. Оны орындау бәрімізге ортақ міндет. Ел арасында ақпараттық-насихаттық жұмысты жүргізетін сіздер. Округ әкімінің сөзі халыққа өтуі тиіс. Басшы адамдар осы жағын ойлаңыздар. Біз ішкі саясатты дұрыс жүргізуіміз қажет. Биыл бірінші рет осындай кемшілік жібердік. Алға қарай мерзімді баспасөзге жазылу жұмысын жандандыруымыз керек, - деді. Кудряшов ауылдық округінің әкімі С.Ертелеуов бірнеше рет барып айтқанымен жазылуды мектеп директоры дұрыс ұйымдастырмай отырғанын айтып ақталды. Аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев Ы.Алтынсарин орта мектебі де мерзімдік басылымдар жағынан артта жүретінін айтып, ауданымыз 15 мың данадан аса газетке жазылуы қажеттігін, ал, бізден халқы көп Атырау қаласында оның неге 13 мың дана болып отырғанын сұрады. Оған «Қазпошта» АҚ аудандық бөлімшесінің басшысы Ниетжан Ғабдуллин жауап беріп, мұны облыстық ішкі саясат бөлімі бекітетінін жеткізді. Шортанбай ауылдық округінің әкімі Сәрсекей Нәбидоллаев ауыл тұрғындары азаюына байланысты аудандық басылымға жазылуда өздеріне беріліп отырған мөлшерді кемітуін өтінді.

Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов: - Баспасөзге жазылуды өзімізден бастап басқаларға үлгі көрсетуіміз керек. Талап бәрімізге ортақ. Қарауындағы қызметкерлеріне итеріп тастамай бөлім басшысы бірінші болып жазылуы қажет. Жаңа кейбір мектеп директорларының баспасөзге жазылуды орындамағанын айттыңыздар. Бір орында ұзақ отырған басшы сондай болады. Қарауындағыларға сөзін өткізе алмайды. Қандай басшы да, мейлі ол округ әкімі, мектеп директоры болсын мемлекеттік саясатты ұйымдастыра алмаса орнын босатқаны жөн, - деді. Әкімдік мәжілісінде аудан әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Зейнетолла Мұқлесов округ әкімдерінің есеп беруі кезінде түскен ұсыныстар мен ескертулердің екінші тоқсандағы орындалу барысына тоқталып өтіп: - Есеп беру жиынының қорытындысы бойынша 26 ұсыныс іс-шараға енгізілді. Аудан әкімінің өкіміне сәйкес шаралардың орындалысы жөнінде тиісті бөлімдер мен мекемелерден әр тоқсанның соңғы айында мәліметтер алынып, ол әкімдік мәжілісінде талқылануда. Округ әкімдері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары сіздерден іс-шаралар жоспарының орындалысы жөніндегі ақпараттарды уақытылы жолдау сұралады. Мәселелердің сол тоқсандағы жүзеге асу деңгейін ашып, нақтылап, толықтырып жазыңыздар. Кейбіреулеріңіз көтерілген мәселелердің орындалысы жайлы енді біліп жатсыздар. Онда да телефон шалғаннан кейін. Бір мәлімет сұрасақ құр сөзбен шығарып саласыздар, - деді. Аудан басшысы хабарламаға қатысты кейбір ұсыныстарын айтып, әлі де нақтылауды тапсырды. Туындаған сұрақтарға аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жасұлан Сүндетов, Жер қатынастары және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің аудандық бөлімшесінің басшысы Әсет Ақбанов, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева, Бірлік, Мақаш ауылдық округтерінің әкімдері Бауыржан Ақбанов, Болат Мұфтах, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова жауаптар қайтарды.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521