Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында тың идея айтылды.
Ол Президентті 7 жылға, бір-ақ мерзімге сайлау. Екінші рет сайлану құқы берілмейді. Ұсыныс депутаттар тарапынан да қолдау тапты. Бұған дейін мұндай өзгеріс болған жоқ. Суперпрезиденттік Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында маңызды болғанымен, жемісін бергенімен әр нәрсенің өз уақыты бар.
Көліктің де қажетті бөлшектерін белгілі бір мерзімнен кейін ауыстырып отырмаса, тозады. Қазіргі әлемдегі өзара дүрдараздық жағдай, уақыт талабы, қалыптасып отырған геосаяси ахуал мен шынайы демократияға бетбұрыс мұны қолға алатын сәт келгенін көрсетті. Осындай шешімге келу заман тамырының соғысын дөп басқан Қасым-Жомарт Кемелұлының көрегендігі деп санаймын. Бұл Әділетті Қазақстан қағидасына сәйкес келеді. Егер жаңа Қазақстанға бетбұрыс жасамасақ, бәрі солай қала берер еді. Оны іргелес елдерден көріп отырмыз.
Жасалғалы отырған жаңа саяси реформа қоғамымызда тың серпіліс тудырып, оң өзгерістерге бастайды. Ішкі саяси тұрақтылықты, билікке деген сенімді нығайтады. Халық пен биліктің арасы бұрынғыдан да жақындай түседі.
Сонымен қатар, бір рет сайлану билікті жекешелендіріп алу қаупін де азайтады. Президент өзінің баласын немесе туысын орынына қалдыра алмайды. Әрі, ел басқаруға келген адамның да қабілетін көрсетеді. Жеті жылда ештеңе тындырмаса тағы да сонша мерзімге қайта сайланғанынан мемлекет не ұтады? Билік басында ұзақ отыруы оған табынуды қалыптастыруы да мүмкін. Ондай жағдайда демократиядан алшақтаймыз. КСРО-да солай болды ғой. Басшылар өмірден өткенше отырды.
Абсолютті монархия сияқты не істесе де ешкім қарсы келмеді. «Ақ» дегені ақ, «қара» дегені қара болды. Нәтижесінде тоқырауға ұшырап, Одақ тарады. Жаңа ғасырда да ондай елдер алға баспайтынына қазіргі Солтүстік Кореяны мысал ретінде келтіруге болады. Өзгеріс болмаған соң қоғамда да наразылық туындайды. Бұл өзгеріс еліме, халқыма, Отаныма қызмет етемін деген адамдарға берілген мүмкіндік. Олар сайлауға түсе алады. Жеті жылда алға қойған бағдарламаларын тыңғылықты жүзеге асырып, Отанымызды өркендетсін.
Сонымен қатар, енді Конституцияны өзгертілмейді. Оның қағидалары қатаң сақталуын назар аударылады. Осы жерде Конституциялық сот мүшелерінің де өкілеттігін 8 жылға ұзарту ұсынылып отырғанын да айта кетейік. Өкілеттілігін ұзарту арқылы олардың дербестігін арттыру көзделуде.
Жолдауды айтылған ұсыныстарды қолдаймын. Жаңа Қазақстанның болашағына зор үмітпен қараймын. Біз ел басқарған адамдарын сыйлай білген, «Қайғысыз қара су ас» деп, ел тыныштығын сақтай білген халықпыз. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» қимылдасақ, қандай қиындықтарды да жеңеміз. Бастысы берекелі бірлігіміз, жарасымды тірлігіміз болсын!
Талғат Жаудин,
аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы.