«Нұр Отан» партиясы Құрманғазы аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы аталмыш партия ғимаратының мәжіліс залында өтті.
Оны кеңес төрайымы Ұ.Сапарова ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Құрманғазы АІІБ КЖТ міндетін атқарушы полиция подполковнигі А.Бисенғалиев ҚР ІІМ 15.02.2018 жылғы №117 бұйрығымен бекітілген ҚРІІО 2018-2020 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстардан хабардар етті. – Сыбайлас жемқорлық көріністері мемлекеттік қызметтер көрсету және рұқсат құжаттарын беру кезінде полиция қызметкерінің азаматтармен өзара байланысы кезінде қылаң беріп жатады. 2018 жылдың 4 ай мерзімінде 213 мемлекеттік тіркеу нөмірі, 316 жүргізуші куәлігі ұсынылған. Көші-қон қызметі бөлімшесімен осы уақыт аралығында 868 азаматқа төлқұжат берілген. Азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобымен биыл 17 азаматқа қару алуға рұқсат етілді.
1402 «ІІМ Бірыңғай сенім телефоны» арқылы қылмыстық жағдайлар және полиция қызметкерлерінің тарапынан орын алған құқық бұзушылық фактілерін хабарлауға болады. Арыз-шағымдары үшін «Сенім жәшігі» аудандық ІІБ ғимаратының дәлізінде орнатылған, - деді. Кеңес мүшелері Қ.Жармұхамбетов, Б.Жүгінісов хабарламашыға қызметкерлердің тәрбиесі бағытында қандай жұмыстар атқарылғанын, «Сенім жәшігіне» қанша арыз-шағым түскенін, берілген төлқұжаттардың салықтарын төлеу қалай іске асып отырғандығын сұрады. Құрманғазы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Н.Харесов сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған жұмыстарды қаперге берді. – Құрманғазы ауданы бойынша 1638 мемлекеттік қызметші мен оның жұбайлары 2017 жыл үшін мүлкі мен табысы туралы декларацияны электронды түрде табыс етті. Жыл ішінде мемлекеттік қызметке теңестірілгендер мен олардың зайыбынан (ерінен) 125 мүлкі мен табысы туралы мәліметтер қамтылған құжат қабылданды. Табыс етілген мәліметтің шынайылығы мен толықтығын қадағалау салық органы міндеттерінің бірі болғандықтан уәкілетті органдарға сұранымдар жіберіп, оны салыстыру арқылы декларацияға камералдық бақылау үнемі жасалады, - деп салық декларациясын уақтылы тапсырмаған жеке тұлғаға қатысты салынған айыппұл көлемімен таныстырды. Комиссия төрайымы Ұ.Сапарова аталмыш бөлімнің бұрынғы басшысы С.Киргабаковтың үстінен қозғалған қылмыстық істер бойынша алдағы уақытта қызметкерлер арасында оны болдырмау мақсатында қандай шаралар алынғанына қызығушылық танытты.
Б.Жүгінісов 12 кәсіпкерден пара алуға С.Киргабаковты не итермелегенін алға тартты. Өз кезегінде Н.Харесов өзінің тұшымды жауабын қайтарды. Ұ.Сапарова жаңадан тағайындалған бөлім басшысының қызметіне сәттілік тілеп, қызметкерлер және жеке кәсіпкерлер арасында жемқорлықтың алдын алу бағытында жұмыстарды күшейтуді тапсырды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Атырау облысы бойынша филиалы – ХҚКО департаменті Құрманғазы аудандық бөлімінің басшысы Қ.Бөлеков қызмет барысында қоғамдық кеселді болдырмау негізінде атқарылған жұмыстардан хабардар етті. – 2018 жылдың 4 айы ішінде мобильдік ХҚКО 1796 құжат қабылдап, 1762 құжат берді. 1414 бірыңғай байланыс орталығына өтінім берген өзіне-өзі қызмет көрсетуді толық немесе ішінара жоғалтқан адамдарға биыл ХҚКО инспекторлары тарапынан 77 қызмет көрсетілді. Электрондық мемлекеттік қызметтерді алға жылжыту және электрондық үкімет порталының қолданыс аясын кеңейту мақсатында бөлімдегі өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы кеңестер ұсынылып, ЭЦҚ берілуде. Осы бағытта 2 жұмыс орнын алдағы уақытта 8-ге көбейтуді жоспарлап отырмыз, - деді. Кеңес мүшесі Б.Жүгінісов Азғыр өңірінде мектеп бітіретін түлектердің аудан орталығына келіп төлқұжат алу мәселесінің қиындығын қозғаса, төрайым Ұ.Сапарова бөлімнің жергілікті әкімшіліктермен жұмысының нәтижелерін сұрады. Кеңес төрайымы Ұ.Сапарова жемқорлықтың алдын алу бағытында белсенді жұмыс жасаған ХҚКО департаменті Құрманғазы ауданы бөлімінің басшысы Қ.Бөлековке Алғыс хатын ұсынды. Күн тәртібіндегі келесі мәселе кеңес құрамын өзгерту жөнінде болып, отырыста қабылданған қаулы жобасы таныстырылды.
А.ШАКУПОВА.