Жалынды жастарға жаңа мүмкіндік

(2 Votes)

Басталғалы тұрған жылдың басты жаңалығы Қазақстан Республикасы Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы. Оған да енді көп қалған жоқ.

«Туған ай тураған етпен бірдей» дегендей енді бір айдан соң басталады.«Бұл әнім бұрынғыдан бөлек», деп айтқандай осы сайлау бұған дейінгілерден өзгеше өтпек. Себебі оған жүрегі «елім, жерім», деп соққан, тау бұзардай қайраты, алға қойған айқын мақсат-бағдарлары бар жалынды жастар да тартылады. Сондықтан жастарымыздың сайлауға деген көзқарасын, тұрмыс-тіршілігін білмек ниетпен аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы, «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Ернар Боранғалиевпен осы төңіректе сұхбат құрдық.

– Ернар Серікұлы праймеризге қатысып, томағасын сыпырған бүркіттей биікке қалықтап, облыстық мәслихатқа үміткер болып шыққаныңызды жақсы білеміз. Аудан жастарының басын біріктіріп отырғандықтан олар жайлы сөз қозғағаныңызды қалар едік.

– Жалпы біздің Құрманғазы ауданында барлық ауылдық округтерді қамтығында 15 мыңның үстінде жастар бар. «Nur Otan» партиясы жанынан құрылған «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы болғаннан кейін жасотандықтармен де жұмыс жасаймын. Оның ауданда 800-ге жуық мүшелері бар. Өзім «Nur Otan» партиясының мүшесімін.Жақында Елбасымыз жастарға мүмкіндік беріп жатқаннан кейін праймериз саяси додасына қатыстым. Ұйымдастырылған пікірсайыстан абыроймен шығып, облыстық мәслихаттың депутаттығына үміткер ретінде қабылдандым. 11 желтоқсанда Астана қаласында «Jas Otan» Жастар қанатының үлкен съезі өтеді. Оған Атырау қаласына барып, онлайн қатысамыз. Съезде алдағы 5 жылға арналған «Жастар Отанға» деген бағдарламаны еліміз бойынша бекітетін боламыз. Бұл бағдарламаның ең бір тиімді, жақсы тұсы бұрын бүкіл Қазақстан бойынша жасалса, қазір әр аудан, ауыл бойынша жеке құрылады. Яғни, біз Құрманғазы ауданы бойынша «Жастар Отанға» бағдарламасын өзіміз жасақтап, біздің жастарда қандай мәселе бар, не жетіспейді, соның бәрін «Жастар Отанға» Құрманғазы ауданы бойынша 2021-2025» бағдарламасына» енгіздік, 11 желтоқсан күні съезде бекітіледі. Бекігеннен кейін тікелей осы бағдарламамен жұмыс жасаймыз. Жастарға мүмкіндік беру, олардың мәселелерін шешу қазіргі биліктің ең басты мақсаты болып отырғанын көрсетеді. Елбасымыз, партия төрағасы әр өңірдегі мәслихаттарда депутаттардың құрамының 30 пайызы әйелдер, 25 пайызы жастар болуы керектігін айтып отыр. «Жастар Отанға» бағдарламасы бойынша алдағы 5 жылдықты бекіткеннен кейін тікелей жұмыс жасаймыз. Ол бұрын-соңды, осыған дейін жасалған жұмыстарға қарағанда өте қарқынды жүретініне сенімім мол.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521