Жаңа экономикалық саясатқа негіз болады

(0 Votes)

Өмір табалдырығынан аттаған алтын күздің шұғыласындай жылылық сыйлаған Мемлекет басшысының бұл жолғы кезекті Жолдауының мән-маңызы ерекше екен.

Қазіргі қиын заманда аталған тарихи құжат елдің бүгіні мен болашағын айқындап бергендей. Президентіміздің салиқалы әрі салмақты Жолдауы мемлекетіміздің ынтымағы мен бірлігін, тату-тәтті тірлігін көрсетеді. Ең негізгісі, онда халықты он ойлантып, мың толғантқан мәселелер қамтылды.

Соның ішінде кейбір мәселелерге назар аударғым келіп отыр. Жолдауда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігі сөз етілді. Бұл – стратегиялық міндет. Мемлекет басшысы Үкіметке агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуді, субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейтуді тапсырды. Тағы бір алаңдататын мәселе де Президент назарынан орын тапты. Ол су тапшылығы.

«Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы», - деді Қасым Жомарт Кемелұлы. Одан әрі бұл мәселелерді шешудің жолы Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту екенін атап көрсетті.

Қазір салынып жатырған жолдарға да сын көп айтылуда. Жолдауда Президентіміз 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бергенін айтып, Үкіметке бұл мәселені тікелей бақылауға алуды міндеттеді. «Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Жұмыстан нақты нәтиже шығару керек. Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуі тиіс. Жалпы, ашығын айтуымыз керек, Үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатыр.

Біресе жанар-жағармай, біресе қант жетіспейді. Осының бәрі Үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр. Мұндай жағдайға азаматтардың да көңілі толмайды. Әрине, бұл – орынды. Сондықтан, дәл осылай жалғаса берсе, тағы да нақты кадрлық шешімдер қабылдауға тура келеді,» деді Қасым Жомарт Кемелұлы.

Жаңа Жолдауды Қазақстан халқына қызмет ететін, оның әлемдік мемлекеттер арасында бәскеге қабілетін күшейтетін тарихи маңызы бар құжат деп бағалаймыз. Себебі, Президенттің Үкіметке жүктеген әрбір тапсырмасының ел тағдыры үшін маңызы зор, қазіргі қалыптасқан ахуалды ескере отырып, дамудың тынысын ашатын салаларды қамтиды. Бұл Жолдау барлық Қазақстан қоғамын жаңартуды қамтамасыз ететін жаңа экономикалық саясатқа негіз болады.

Өмірзақ Қажымғалиев,
академик-жазушы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT