Жаңа Қазақстанды бірге жасауымыз керек

(0 Votes)

Құрметті отандастар! Қазақстан үшін қаңтар айы қаһарымен келді.

Мемлекет басшысының өзі айтқандай, біз тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең үлкен әрі ең ауыр дағдарыспен бетпе –бет келдік және бүгінде біз оны бірігіп жеңдік деп сеніммен айта аламын!

Болған оқиғаның ақ-қарасы алдағы уақытта айтыла жатар. Бірақ, бұл бұлғақ неден басталып еді? Өзіміз өндіруші болғанмен, елімізде жанар май бағасы қымбат. Жанар май қымбаттаса, азық түліктен бастап, басқа да халық тұтынатын тауарлар, халыққа қызмет көрсету салалары да қымбаттайтыны белгілі. Қазақ - әуелден шыдамды халық. Жанар май бағасының қымбаттағанына да төзіммен қарай білді. Сөйтіп жолын да тапқандай болды: көліктерін газбен жүруге икемдеді. Осылайша, жанар май бағасын жоғарылатпай, ұстап тұрдық. Ал, жылдың басында арзан деп, жанар май орнына тұтынып жүрген газ қымбаттады. Одан әріге халықтың шыдамы жетпеді, төзімі таусылды. Сөйтіп өз наразылықтарын білдіріп, көшеге шықты. Халықтың жан айқайын Мемлекет басшысы естіді, уақытында газ бағасын төмендетуге тиісті орындарға нұсқау да берді.
Газдың бағасын жеке компаниялар қолдан өсірген, бүгінде олардың біразы жауапқа тартылып та жатыр.

Қиын күндер артта қалды. Еңді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады, деп мәлімдеді еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл іске бәріміз де үлес қосуымыз қажет. Сондықтан, бірқатар ұсынысымды айтып кетуді жөн көрдім.
Біріншіден, біз бұған дейін «Қуатты өңір – Қуатты Қазақстан» деген ұранды естіп, айтып келдік. Сондықтан, облыстарда отандық өнімдерді шығаратын өндіріс ошақтарын ашу қажет. Ол күнделікті сұраныстағы ұн, май, нан, сүт өнімдері, көкөніс өсіретін жылыжай болсын, не киім тігетін шағын фабрика болсын. Сондай-ақ кәсіпкерлерге сауда нүктелерін ашып, қалада өз тауарларын еркін сатуға мүмкіндік беру қажет. Бұл өндіруші мен тұтынушы арасындағы алыпсатарларды жоюдың бірден бір жолы болар еді. Кәсіпкерлерге, не кәсіп ашамын деген жандарға 20 тіпті 30 жылдық мерзімге жылдық мөлшері төмен кредит беру мәселесін де қарастырған жөн. Сонда ғана, азаматтар жүрексінбей бизнесті бастай алады, ал бұл жаңа жұмыс орындары, бюджетке түсетін қосымша салық деген сөз. Тағы бір өзекті мәселе, Қазақстанның табиғи ресурстарын дұрыс, әрі тиімді пайдалану. Оны пайдаланып қана қоймай, соны игеретін отандық өнімдер шығару. Мысалы, бізде мұнай бар, бірақ сол мұнайды өндіретін, өңдейтін құрал-жабдықтарды әлі күнге шеттен тасып жүрміз.

Екіншіден, бизнесті тексеруді азайтуды ұсынамын. Біресе санитарлық—эпидемиологиялық қызмет, біресе өрт сөндіру қызметі, басқада бақылау және қадағалау органдары келіп кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтіреді. Бұдан кәсіпкерлер аз зардап шегіп жатқан жоқ.

Тағы бір мәселе, біз табиғи байлықтарды әуелі өз халқымыздың игілігі үшін пайдаланып, сосын ғана оны экспортқа шығару керекпіз. Жанармаймен, газбен ішкі нарықты қолайлы бағамен қамтып барып, сыртқа сатсақ қана ішкі тұрақтылықты сақтап тұра аламыз.

Жастардың жағдайына, олардың тәрбиесіне назар аударатын уақыт келді деп санаймын. Олардың бұқаралық спортпен шұғылдануына, осылайша дені сау, ділі мықты ұрпақ өсіруіміз қажет. Мектептерден бөлек, үлкен спорт нысандарын ашып, ұлттық тренерлер дайындап, шымыр әрі шыныққан жастардың буынын дайындауға тез арада кірісуіміз керек. Сондай-ақ, біз жастарды дұрыс мамандық таңдауға үйреткеніміз де абзал. Экономистер мен заңгерлер, қаржыгерлер мен есепшілер көп. Жұмыс таппай, орнын білмей сенделіп бос жүр. Бізге техникалық мамандықтар қажет. Оларға бизнестің қыр-сырын үйретуіміз қажет.
Біз ел парламентінің құрамынан әдемі сөйлей алатын емес, тиімді жұмыс істей алатын депутаттарды көргіміз келеді. Сондықтан, өңірлерден нағыз өндіріс орындарында жұмыс істеп шыққан жастарды Парламент құрамына ұсынуымыз керек. Депутаттық корпустың шектік жасын 55 қылсақ, осылайша ойы түзу, заманның ағымын білетін нағыз халықтың қалаулылары жұрттың талабын түсініп, соған сәйкес заңдарды қабылдайды деп сенеміз.

Мемлекет басшысы, 11-нші қаңтарда Мәжілісте, бюджетаралық қатынастардың тәсілдерін өзгертуді тапсырды. Президенттің бұл бастамасын мен толық қолдаймын. Республикалық бюджеттің ірі доноры бола тұра, кейбір өңірлер әлеуметтік-экономикалық даму жағынан кенже қалып отыр. Сондықтан, республикалык бюджетті толтырып отырған әр өңір өзінің қажетіне орай, табыстың бір бөлігін өздерінде қалдыруы тиіс. Бұл өңірдің дамуына үлкен серпін болады.

Көңіл бөлетін тағы бір мәселе, туризмді қолдау. Қазақстанның қай өңірі болсада туризм үшін қолайлы екенін білеміз. Бұл салада да нақты шешімдер қабылдауымыз қажет.

Құрметті Қазақстандықтар! Алда жаңа міндеттер тұр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасына топтасып, дамудың жаңа кезеңіне бірге қадам басайық! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Мемлекетіміз нығайып, бірлігіміз арта түскей!

Ибрагим Акдрашев.
Жеке кәсіпкер, Құрмет ордені иегері.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521