Мемлекетіміз үшін жауапты науқан кезектен тыс Президент сайлауы да таяп қалды.
Бүгінде оған түсетін үміткерлер де айқындалды. Олардың есімдері ақпарат көздерінде жарияланғандықтан тоқталып отырған жоқпыз. Насихаттайтын уақыт алда, ол жұмыстар енді санаулы күндерден кейін басталады. Сол кезде кері ораламыз. Қазір еліміздегі сайлауға әлемдік қауымдастық та қызығушылық танытуда. Демократиялық бағытты ұстанған, 30 елдің қатарынан табылуды, Жаңа Қазақстанды мақсат тұтқан Тәуелсіз мемлекетіміз де өз тарапынан сайлаудың әділ өтуіне мүдделі. Сол себепті ашықтық қағидасын ұстанып, дамыған 20 мемлекеттің бақылаушыларына шақыру жіберген. Күні бүгін 4 халықаралық ұйым, 1 шет мемлекеттің бақылаушылары тіркелген. Әрине, басты таңдау жасайтын қазақстандықтар. Кімге сенім артып, ертеңін онымен бірге көрсе, сол үшін дауыс береді.
2022 жылы 8-17 қазан аралығында Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясында Лингвистикалық комиссияның 11 отырысы болса, оның 2-сі ұйымдастыру мәселелері, 9-ы кандидаттардан емтихан алу бойынша өтті. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссияның құрамы да осал емес. Оның құрамында мүйізі қарағайдай танымал лингвист-ғалымдар, филология ғылымдарының докторлары, кандидаттары, профессорлар, академиктер Ә.Ахметов, Г.Есім, Ж.Дәдебаев, Д.Қамзабекұлы, Г.Құрманбай, А.Фазылжанова бар. Барлық үміткерлер лингвистикалық емтиханды үш кезең бойынша тапсырды. Ол – шығармашылық жазба жұмысын орындау, қазақтың классикалық әдебиеті шығармасынан бір үзінді оқу және таңдаған тақырып бойынша шаршытоп алдында сөз сөйлеу. Қазақша білмесе, олардың біреуін де орындай алмай, сыннан сүрінеді. Мұның өзі мемлекеттік тілге деген құрметті көтере түсетіні анық.
Әрі, осының бәрін орындағанда өздерін қалай ұстағаны, ана тілін меңгеру дәрежесі кімнің-кім екенін айқындап бергені анық. Насихаттау емес, түсінікті болуы үшін біреуінен эпизод келтіре кетейік. 2022 жылы 13 қазанда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында Бақыт Маратұлы Жаңабаевтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау бойынша лингвистикалық комиссияның отырысы өтті. Аталған кандидат «Экология – бүгіннің басты мәселесі» тақырыбында шығармашылық жазба жұмысын жазып, берілген уақытты толық пайдаланды. Оның жазба жұмысы мазмұны, стилі, емлесі, тыныс белгілері бойынша бағаланды. Екінші тапсырма бойынша Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» жинағынан үзінді оқыды. Содан кейін үшінші тапсырманы орындап «Бабалар аманаты» тақырыбында өз ойын баяндап шықты. Отырыстың қорытындысын Лингвистикалық комиссияның төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Құрманжанұлы Ахметов баяндады. Емтихан қорытындысы бойынша комиссияның бір мүшесі қалыс қала отырып, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жаңабаев Бақыт Маратұлының мемлекеттік тілді меңгергендігі туралы шешім көпшілік дауыспен қабылданған.
Кезектен тыс Президент сайлауына үміткерлерді тіркеу басталғаннан бері оған қатысамын дегендер аталған талаптарға сай келсе, ешқандай қарсылық танытылған жоқ. Айта кетер жайт, комиссия мүшелері шешімдерді алқалы талдау өткізіп қабылдады. Үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау тәртібі әділдік пен шынайылықты сақтай отырып, теңқұқылық негізде жүзеге асырылды. Сонымен қатар, кандидаттарға емтиханға дайындалуға және комиссия алдында жауап берулеріне қажетті толық жағдай жасалған. Енді, олардың бәрі де алдағы сайлауда бақтарын сынайды. Әрине, додаға түскелі отырған үміткерлердің бәрі де мемлекеттік қызметтен хабары бар, елімізде көптен тұратын азаматтар. Тілдік емтиханнан сүрінбей өткен олар жергілікті жердің өзекті мәселелерімен де жақсы таныс, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңның барлық талаптарына сай азаматтар.
Қанат ҒҰМАРОВ