Кәмелет жасына толған әрбір қазақстандық өз елінде болып жатқан түрлі іс-шаралардан тыс қалмауы керек деген ойдамын.
Әсіресе, Президент сайлауы сияқты маңызды саяси науқанға қатыспай қалу қоғам өміріне белсене қатысуды қалайтын жастар үшін қателік болар еді. Өз басым бұған дейін сайлауларда дауыс беруге жасым жетпей сырттай тілеулес болып қана жүрдім. Енді міне, жасым он сегізге толды, оның үстіне жоғары білім беру орнының студентімін. Сондықтан егемен еліміздің толыққанды азаматы ретінде өз таңдауымды жасайтын боламын.
Қоғам өміріне өзгеріс әкелетін бұл саяси науқанға қатысты жаңалықтарды қалт жібермеуге тырысамын. Тіркеліп жатқан үміткерлердің өмір жолымен, сайлауалды бағдарламаларымен танысып, кімнің мемлекетімізді одан әрі дамытуға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, ел болашағы – жастарды қолдауға басым бағыттар ұсынатындығын саралаймын. Бұл жолда мен жалғыз емеспін деп ойлаймын, араласып жүрген достарым, үйдегі ата-анам алдағы жеті жылдық кезең үшін алаңдайтыны сөзсіз. Сондықтан кезектен тыс өтетін президент сайлауына бейжай қарауға болмайды. 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының әрбір азаматы сайлауға қатысуға құқылы және ол таңдау жасау еркін пайдалануы керек. Әркімнің дауысы маңызды!
Кей адамдар «Биліктің дегені болады», «Мен дауыс бергім келетін саясаткер тізімде жоқ», «Менің дауысым ештеңе шешпейді», «Бізсіз де сайлау өтеді» деп немқұрайлылық танытып жатады. Бұл сенімсіз ойдың жетегінде кететіндердің жаңсақ пікірі. Осындайда азаматтық белсенділігімізді көрсетіп, айналамыздағы осындай кереғар көзқарастағыларддың ойларын өзгертуге жұмыстануымыз да қажет. Елінің ертеңін ойлаған әрбір адамның сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасауы болашаққа жасаған дұрыс қадам деп білемін.
Гүлмаржан БОЛАТҚЫЗЫ,
студент
Сурет: ашық дереккөз