ТАҢДАУЫМЫЗҒА БЕРІЛГЕН ТАРИХИ МҮМКІНДІК

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынды.

Бұл ұсынысты толық қолдаймын әрі уақытында қолға алынған игі бастама деп білемін. Ата Заңымызға жаңа заман талабына сай өзгеріс қажет екені рас. Себебі, уақытпен бірге басқару формасы да, соған сай құқықтық заңнама да өзгеруге тиіс. Бұл ретте Президент қоғамның барлық саласы батыл өзгерістер жолына түскенін, соған сай елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгерту керектігін айтты. Бұл өзгеріс Конституциядан басталмақ. Жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғамның өзара іс- қимылының жаңа форматына көшуді Президент «Екінші Республика» деп атап, жұмыс тобы Ата Заңның 33-бабына түзетулер әзірлегенін айтты. Тұтас Конституцияның үштен бір бөлігіне өзгерістер енгізу жөнінде республикалық референдумда халықтың пікірі маңызды болады.

Жалпы алғанда, Ата Заңымыздағы 33 бапқа 56 толықтыру енгізу жоспарланып отыр. Бұл өзгертулерде 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру; президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу; парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері қамтылған.

Қазақстандықтар ықпалды парламент, естуші мемлекет, күшті Президент және есеп беретін Үкіметі бар жаңа саяси модельге дауыс беретін болады. Сондай ақ конституциялық өзгерістер жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі институттарының бірі болып табылатын мәслихат рөлінің өсуін, барлық деңгейдегі әкімдердің сайлануын жүзеге асырады және саяси плюрализм мен бәсекелі саяси орта қалыптастырады.

Саяси жаңару жолындағы өзгерістерді қабылдауға халқымыздың тікелей қатысуына тарихи мүмкіндік беріліп отыр.

Бүгінгі бастамалардың, өзгерістердің аяқсыз қалмай, сәтті жүзеге асуын, оның игілігін халық пен болашақ ұрпақтың көруін бәріміз де қалаймыз. Ал осыған өз көзқарасымызды, ұстанымымызды білдіру арқылы да, нақты істермен де үлес қосу — біздің парызымыз.

Амангелді ХИЛАУОВ,
ардагер ұстаз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT