Соны өзгерістерге серпін береді

(0 Votes)

Зайырлы қоғам құру жолымен қарыштай қадам басқан жас мемлекетіміз өркениет көшінің қатарынан, заман талабынан қалмай жылдан-жылға дамып келе жатқаны көз қуантады. «Елу жылда ел жаңа», дегендей бүгінгі қазақ қоғамын бұдан отыз жыл бұрынғымен салыстыруға келмейді.

Әкімшілік-әміршілдік жүйе жоқ, еркіндіктің атмосферасы бар. Осының өзі Қазақстанды айналасындағы тұрақсыздық жайлаған кейбір елдерден ерекшелеп, даралап көрсетеді. Оларда даму жолының өткелінде ат ауыстыра береді. Біреуін алады да, екіншісін салады. Бәрібір экономиканың арбасын сүйрей алмайды. Себебі ат алға тартқанда жан-жағындағылар арбаның дөңгелегін бірге итерсе, «бірлік бар жерде тірлік болар» еді. Солай етсе олар саяси және экономикалық дағдарыстың батпағынан шығып кетеді. Алайда, «Айт шуу,шуу», деп шетте тұрып құр айқайлау басым. Біздерде халық оның нәтиже бермейтінін, «Өткелде ат ауыстырмайды», деген сөздің текке айтылмағанын көріп отыр. Саяси өмірімізге қатысты нәрсенің бірі ол – Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы. Президентіміз оны келесі жылдың 10 қаңтарында тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Сонымен бірге Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалады.

Мұны да зайырлылықтың бір көрінісі деп санаймын. Оған дейінгі үш айдай уақытта қай партияның да тыңғылықты дайындалуға, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуге, партиялық инфрақұрылымдарын жетілдіруге уақыты жеткілікті болары сөзсіз. Мемлекет басшысы болашақ сайлаудың әділ, ашық өтуін, заңдылықтардың сақталуын бақылауды орталық сайлау комиссиясы мен бас прокуратураға тапсырып отыр. Осыған қоса жаңа сайлауға дейінгі саяси жаңғыру, көппартиялылықты дамыту, қоғамдық-саяси өмірімізге азаматтарды көбірек тарту қолға алынбақ. Тағы бір жағымды өзгеріс сайлауға қатысты заңдарға өзгеріс енгізу арқылы Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция тарапынан сайланбақ. Партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілгені де зайырлылыққа бағытталған соны серпін. Үшіншіден алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді.

Президентіміз: «Парламенттің және жергілікті өкілді органдардың жаңартылған құрамы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық реформаларды сапалы әрі заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге баса мән береді», деп алдағы сайлауға үлкен үміт артып отыр. Жаңа депутаттар да сол сенім үрдісінен шығады деген ойдамыз. Бастысы бірлігіміздің берік екенін танытып, дұрыс таңдау жасап, қоғамдық-саяси өміріміз үшін маңызы зор шараға түгелдей атсалысайық.

Ғаділхан Қалиев,

мемлекеттік қызметтің ардагері, «Құрмет» орденінің иегері.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521