Шенеуніктер отыз пайызға қысқарады

(0 Votes)

Мамыр айында қабылданған кәсіпкерлік қызмет туралы заңнан кейін мыңнан аса мемлекеттік қызметкерлер жұмыстан шығарылуы мүмкін.

Бұл туралы 13 маусым күні Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Елбасы өткен айдың соңында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға жария түрде қол қойған еді. Енгізіліп отырған өзгерістердің басты мақсаты – бизнесті реттеу саласындағы заңнаманы жетілдіре түсу. Заңда мемлекеттік бақылау функцияларын шамамен 30 пайызға қысқарту көзделіп отыр.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, қазір республикада әртүрлі деңгейде 98 мың шенеунік жұмыс істейді. Қабылданған заң аясында талдау жүргізіліп, олардың санын қысқарту бойынша нақты жоспар жасалды. «Біз талдау жүргіздік, қазір бізде қанша адам қысқаратыны туралы нақты жоспар бар. Шамамен 1 131 шенеунік. Бірақ олар жұмыс істеп жатқандар бола ма, немесе бос орындарды қысқартамыз ба, ол жағы әлі белгісіз», — деді Т.Сүлейменов. Министр шенеуніктерді қысқарту туралы соңғы шешімді үкімет пен президент әкімшілігі қабылдайтынын атап өтті. «Қабылданған шаралар президенттің Қазақстанда ықшам әрі тиімді үкімет құру туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді», — деді ол.

«Ақ жол» фракциясы мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға берумен қатар, шенеуніктер санын қысқартуды және сол арқылы мемлекеттік органның бюджетін азайтуды талап етуде. Бұл туралы бүгін мәжіліс депутаты Азат Перуашев мәлімдеді. Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Депутат Азат Перуашев қаралып отырған заң жобасында шешімін таппаған бірқатар мәселеге тоқталды. «Ұлт жоспарында айқын көрсетілген: үкімет мемлекетке тән емес және басы артық қызметтерді қысқарту есебінен неғұрлым ықшам бола түседі. Яғни, мәселе мемлекеттік органдардың бюджеті мен шенеуніктер санын қысқарту туралы болып отыр. Біз осыған қатысты сауал жолдадық. Бірақ үкімет бұл қарастырылмаған, қажет емес деп санаймыз дейді. Сонда қалай? Мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға береді екенбіз, бірақ ол қызметтерді атқарған шенеуніктер қысқармай ма? Біз ЭЫДҰ жүргізген зерттеу нәтижесін алдық. Қарап отырсақ, Қазақстан экономикасында істейтіндердің 21 проценті – шенеуніктер немесе ұлттық компаниялардың менеджерлері екен. Яғни біздің елімізде шенеуніктер саны басқа мемлекеттермен салыстырғанда өте көп. Мәселен, Америкада – 14%, Австрияда – 10%, 128 миллион халқы бар Жапонияда небәрі 9 мың ғана шенеунік бар. Ал бізде 18 миллион халыққа 100 мың шенеунік бар. Жапонияда бір шенеунікке 14 мың адамнан келсе, бізде бір шенеунікке 180 адам. Яғни бізде шенеуніктер саны Жапониямен салыстырғанда 80 есе көп. Бұл не деген сұмдық? Осыдан кейін Қазақстан мен Жапонияның жағдайын салыстырыңыздар. Сондықтан «Ақ жол» фракциясы мемлекеттік органдар атқаратын функцияларды мемлекеттік емес ұйымдарға берген кезде, сол қызметтерді атқарған шенеуніктерді қысқартуды және оларға жұмсалған бюджетті азайтуды талап етеді», — деді мәжілісмен. Ал, ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің Қазақстандағы шенеуніктер 20 проценттен аспайды дегеніне Перуашев былай жауап қатып: «Ол маған емес, ЭЫДҰ-ға айтсын оны. Біз жұмысымызды ЭЫДҰ талаптарына сәйкес жүргізуіміз керек, бұл Елбасының берген тапсырмасы. Тимур Сүлейменов келіспесе, өзі білсін», — деді.

Ақпарат көздерінен әзірлеген Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT