ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтарға арнаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін оқып, қуанып қалдық.
Елдің болашағын алыстан болжайтын, халқына бағыт-бағдар беріп, жаңашыл бағдарламаларды ұсынатын Елбасының бұл Үндеуі де халықтың көкейінде жүрген мәселелерді қарастырады. Әсіресе, адамдардың әлеуметтік жағдайларын сұрыптап, есеп-қисабын мұқият тексеріп алған бағдарламаның берері мол болатыны анық. Қазіргі заман талабы мүлде басқа арнаға бұрылды. Адамның материалдық тұрғыдан ілгерілемей тұрып рухани игіліктерге қол жеткізуі қиынға айналды. Бұл әлем елдерін алаңдатқан өзекті проблема. Бар мәселенің түбі айналып келгенде қаржыға тіреледі. Әлеуметтік теңсіздік талай жұртты тығырыққа тіреді. Осы тұста Елбасы үндеуіндегі жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту бастамасы көңілге қонымды.
«Айлық жалақысы 25 еселенген айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінен төмен қызметкер үшін табыс салығының мөлшері 10 есеге азайтылатын болады. Және бұл тәртіп 2019 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енуі қажет» деп тапсырды Президент. Ал бүгінгі таңда жалақысы төмен азаматтардың үлесі барлық жұмыс жасап жүргендердің үштен бір бөлігін құрап отыр. Нәтижесінде бұл өзгерістер табысы аз азаматтарымыздың салық жүктемелерін жеңілдетіп, жалақысының көлемінің өсуіне ықпал етеді. Сондықтан біз бұл бастаманы қызу қолдаймыз. Өйткені нарықтағы баға шарықтап тұрған шақта бұл қарапайым жұмысшы табысына үстеме болары сөзсіз.
«Іс тетігін кадр шешеді» демекші, айлығы көбейген қызметкердің еңбекке деген құлшынысы артатынына сенім мол. Осының барлығы да еліміздің өркендеп, қанат жайып, кемелденуіне қазақстандықтардың жағдайы одан да жақсаруы үшін жасалынуда. Жалпы бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру еліміз үшін жақсы жобаларды қолға алуға мүмкіндік береді. Елбасы осының барлығына берекелі бірлігіміз арқылы жеткенімізді атап айтты. Сондықтан болашақта да еліміздің барлық азаматтары бір мақсат, бір мүддемен алға ұмтылулары тиіс.
Нұрлыбек ШАКУПОВ,
аудандық кірістер басқармасының бас маманы.