Ашықтық пен демократиялық принциптердің негізінде 1995 жылы қабылданған Ата заңның үштен бір бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін жұрт жақсы біледі.
Мұндай маңызды мәселені халықтың талқылауына беру, яғни жалпыұлттық референдум арқылы еліміздің Конституциясының жаңа мазмұнын қабылдау – мемлекеттік құрылымдарды құрудың жаңа моделін – демократиялық жаңа Қазақстанды құруға толықтай мүмкіндік беретінін біздің халқымыз жете түсінеді.
Бүкілхалықтық референдум тәуелсіз еліміздің болашағын айқындап қана қоймай, әрбір азаматымыздың дауысы естіліп, көптен күткен осы бір тарихи бетбұрысты жасауға өз үлесін қосқалы отыр. Бұл дегеніміз таңдаған жолымыздың нық екенін, елдің гүлденуі мен дамуының негізгі бағдары демократиялық қағидаттарды берік ұстанатынымызды білдіреді. «Осы күнге дейін қордаланған мәселелер, бұқараның әлеуметтік жағдайының күрделі түйіндерін түбегейлі шешуде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, алдымызда кездескен қиыншылықтарды жеңуге қауқарлымыз ба?" деген сұрақ көбіміздің көкейімізде жүргені рас. Алайда, халықтың ерік-жігеріне сенеміз, 5 маусым біздің болашаққа аманатымызды айқындап, сол күнгі батыл шешіміміз бізді алға бастайтынына кәміл сенемін!
Мен аға буынның өкілі ретінде замандастарыма айтарым – маңайымыздағы балаларымыз бен немерелерімізге, әсіресе өскелең жастарға бағыт-бағдар беріп, оларды қолдарынан келетін іске, еңбекке баулып, мамандық алып, білімі мен біліктілігін көтеріп, еліміздің өркендеп дамуына үлестерін аянбай қосуға шақыру қажет. Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізген еркіндік пен бостандығымызды нығайтып, ел іргесін бекітіп, келешекте өркениетті елдер қатарына қосылу үшін барша жерлестерімді 5 маусымда өз таңдауымызды жасауға шақырамын. Бұл қоғамымыздың өрелі өзгерістер жолына аяқ басқанын көрсетеді. Ендігі жерде еліміз үшін аса маңызды шешімдерді қабылдауға халқымыз араласып, саяси реформаларды нәтижелі жүргізуге қатысуы керек.
Зинетолла АҚПАНОВ,
медицина саласының ардагер