Сөз бен істе жалғандық болмауы керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «көзбен көріп, қолға ұстауға болатынды айту керек» деген еді Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде.
«Көпірме сөздің заманы өтті, ол келмеске кетті, бізге керегі тек - ақиқат» деді. Төменнен жоғарыға жалған ақпарат беріп, болмағанды болды деп, істелмегенді істеді деп талай шенділер атақ, дәрежеге ие болды. Оны айтсақ, иә, жазсақ пәле- жалаға қалатын болдық, сөйтіп саясат тілге тұсау салды, жазғаныңды газет, журнал баспады, сосын өзің де «жалғыз жүріп жалтақтағанша, көппен бірге адасқанды» дұрыс көресің. Мұндай Кеңес үкіметінің кезінде де болды, сол ақыры оны құрдымға кетіріп түбіне жетті, десе де жалған сөйлеу сол кезден бері жалғасып келеді. Сөйтіп, Мемлекет басшысы өз сөзінде оны түбірімен жою керегін, шындықты айту керек деді.
Академик, жазушы Ғ.Есім «Атырау» газетінің No12-2022 жылы шыққан No26 нөмірінде «Нан қамы мен Ел қамы» деген мақаласында Қазақстан халқы байлығының тең жартысына небәрі 162 адам ие, ал халықтың 50 пайызы алатын ақшасы елу мың делінген. Елде жұмыссыздар, мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүргендер көбейді. Тақыр кедейдіңсаны артты. Күн көрісі кедейлік шегінен төмен отбасыларкөп. Қазақстан халқы байлығының тең жартысын иеленіп отырған ат төбеліндей 162 адам, ол байлықты жалақымен жинады деуге ауыз бармайды. Заң арқылы олардың байлығын қалай жинағанын тексеруге болмайды ма? Шенеунік тиісті жалақысын ала отырып, неге жемқорлыққа барады.
Елдің қамын ойлайтын кез келді. Ата заңымыз Конституцияға да өзгерістер енгізіліп жатыр. Сөйтіп, жаңа Қазақстанда саясат, экономика, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсаруы тиіс. Біздің ел үшін татулық пен бейбітшілік — маңызды құндылық. Бұл ретте халықтың ішкі бірлігі мығым болуға тиіс. Сондықтан, Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге — ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға әр азаматтың мүмкіндігі бар. Президенттің әрбір отандасына ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік беріп отырғаны елдегі үлкен өзгерістердің бастауы деп білемін. Себебі ел мен жер халықтікі, сондықтан тағдырлы шешім қабылдауға халықтың араласқаны әділдік.
Рахмет НИЕТҚАЛИЕВ,
зейнеткер ұстаз