Президент : "Кітап шығару - идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі"

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда кітап басып шығару ісіне арнайы тоқталды. Президент кітап шығаруды "идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі" деді. Тоқаев еліміздің нарығында шетел өнімдері басым екенін айта келіп, ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару мақсатында "Балалар кітапханасы" атты жаңа бағдарлама жасалатынын хабарлады.

Бұл да – біз күткен қуанышты жаңалықтың бірі. Себебі осы уақытқа дейін билік әдебиетке, соның ішінде балалар әдебиетіне идеология ретінде қараған емес. Бұл бағытқа мүлдем назар аударылған жоқ. Тәуелсіздік алған кезде өмірге келген бала қазір өзі ата-ана болып, бала өсіріп отыр. Отыз жыл бойы қазақ әдебиеттінде ұлттық идеология жүргізілмегендіктен, кітап бетін ашпайтын ұрпақ қалыптасты. Енді бұған жол бермеу керек.

Президент "Балалар кітапханасы" бағдарламасы бойынша "Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек" депті. 2020 жылы "Ана тілі" газетінде жарияланған мақаламда "Ұлттық аударма бюросы" секілді балаларға арналған кітаптарды жанрлар бойынша жүйелеп, жарыққа шығаратын "Балалар әдебиеті бюросын" құруды ұсынған едім. Осы мақаламда айтылған ұсыныстарды ескеруге болады.

Тағы бір ұсынысым – "Балалар кітапханасы" бағдарламасына Қазақстан Жазушылар одағымен қатар кітап дүкендерін қазақша кітаптармен толықтыруға үлес қосып келе жатқан "QASYM баспа үйі", "Mazmundama", "Steppe&World" секілді жеке баспалар да атсалысуы керек деп ойлаймын. "QASYM баспа үйі" әлем және қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларын қайта басып шығарса, "Steppe&World", "Mazmundama" баспалары шетел әдебиетін қазақ тіліне жүйелі аударудың жүйесін қалыптастырды. Енді бұлар өз қаламгерлеріміздің шығармашылығына мән беріп келе жатыр.

Бұл баспалар кітап нарығында өз орнын қалыптастырды, тәжірибесі де жеткілікті. Бізде балаларға жазатын авторлар баршылық, бірақ көбінің қолы байлаулы. Мемлекет баспаларды қолдаса, баспалар авторлардың бағын ашар еді. Табанды түрде жұмыс жүргізілсе, бұл мәселені еңсеруге болады.

Серікбол Хасан, балалар жазушысы, жерлесіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT