Кешегі өткен сайлауда тұрғындардың белсенділігі жоғары болды.
Оны ақпарат құралдарынан да оқып, көріп отырмыз. Халықтың Мемлекет басшысының саясатын қолдайтыны осыдан-ақ байқалып тұрды. Жаңа Қазақстанға қадам басқанда өкілді органның да соған сай болғаны құптарлық нәрсе. Сол себепті таңдауда қателік кетпесін деп оған дейін өткен сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына зор мән берілді. Олар өз дәрежесінде атқарылды. Болашақ депутаттар халық арасында болып, өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер де олардың алдағы жұмыс жоспарына енгізілді. Барлық үміткерлерге бірдей жағдай туғызылды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауында көптің бірі ретінде өз таңдауымды жасадым. Осыған дейінгі кездесулерде сайлауалды бағдарламасы көңілімнен шыққан кандидатқа дауысымды бердім. Сайлаудың өту барысына көңілім толды. Оның қалай жүріп жатырғанын түрлі партиялар мен үміткерлердің байқаушылары да назарда ұстап отырғанын көрдім. Демек, ешқандай бұрмалаушылық, заң бұзушылық болмады деп ойлаймын. Бұл сайлауға түсіп жатқан адамдардың барлығы да ел сенімін ақтайтын, халықтың мұң-мұқтажын жақсы түсінетін адамдар. Бүгін біз дауыс берген үміткерлер ертең сүйікті Отанымыздың өркендеп дамуына, әлеуметтік-экономикалық жағдайымыздың жақсаруына өз үлестерін қосады деп сенемін.
Жұмақай Ғұмаров,
Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы.