Президенттікке үміткерлер анықталды

(0 Votes)

20 қарашада  еліміз үшін маңызды саяси науқан – Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы өткелі отыр. Оған түсетін кандидаттарды тіркеу 11 қазан күні аяқталды. Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлердің жалпы саны 12 адам болса, оның ішінде үшеуі әйел.

Биылғы сайлауда, Тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет үш бірдей әйел кандидат президент сайлауына қатысуға ниет білдіріп, күні бүгін біреуі талапқа сай деп танылып отыр.

Орталық сайлау комиссиясымен  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидат ретінде талаптарға сәйкестігі туралы қаулы қабылданды. Комиссия Қасым-Жомарт Кемелұлының тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы екенін белгілеп, кейінгі 69 жыл бойы Қазақстанда тұрған деген мәліметті тіркеді. Үміткердің  мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 43 жыл 1 ай. Өзге кандидаттардан бір айырмашылығы, Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 54-бабы 2-тармағы бойынша, қазіргі мемлекет басшысы ретінде мемлекеттік тілден емтихан тапсырудан босатылған. Қ.Тоқаевтың кандидатурасын президенттікке мәслихат депутаттарынан құрылған республикалық қоғамдық бірлестік, «Қазақстан спортшылар одағы», «Қазақстанның Азаматтық альянсы», Ардагерлер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестіктері, «Qazaqstan Team» қоғамдық бірлестігі, Ұлттық волонтерлік желісі ұсынған болатын. Кейін бұл кандидатура «AMANAT» партиясының съезінде қолдау тапты. Бұл қатарға «Қазақстан Халық партиясы» және «Ақ жол» партиясы қосылып, бір коалицияға бірікті.

Екінші болып Орталық сайлау комиссиясы қаулысымен Мейрам Қажыкен талапқа сай деп табылды. Аталған  азамат елімізде 61 жыл бойы тұрып келеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Қажыкен Мейрам Зекешұлы тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы. Мемлекеттік қызметте және сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда 14 жыл жұмыс жасап тәжірибе жинаған. Оның канидидатурасын «AMANAT  Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі ұсынды. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұсынған үміткер Жигули Молдақалықұлы Дайрабаев, Қазақстанда соңғы 67 жыл бойы тұрады. Үміткердің мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 7 жыл. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия атынан ұсынылған Нұрлан Әуесбаев Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша Қазақстан Республикасының азаматы, елімізде соңғы 65 жыл бойы өмір сүруде. Аталған азамат  мемлекеттік қызметте 10 жыл 8 ай жұмыс жасаған. «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінен ұсынылған үміткер Нұржан Әлтаев тіл емтиханынан сүрінбей өтіп, Орталық сайлау комиссиясымен  Президенттікке үміткерлерге  қойылатын талаптарға сай деп табылды.

Әйел үміткерлерден  11 қазан күні Қарақат Әбден де Орталық сайлау комиссиясының талаптарға сәйкестігі туралы қаулысына  ие болды. Қазақстан Республикасы  Ішкі істер министрлігі ұсынған мәлімет бойынша, ол тумысынан Қазақстанның азаматшасы болып саналады, Қазақстанда соңғы 48 жыл бойы тұрады, мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі – 9 жыл 1 ай. Бұл бестік Орталық сайлау комиссиясының талаптарына сәйкестігі қаулымен бекітілген.  Орталық сайлау комиссиясына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 54 және 55-баптарына, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының 23 қыркүйектегі № 67/545 қаулысына сәйкес Хайролла Мағауияұлы Ғабжалилов құжат тапсырды. Оның кандидатурасын «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынып отыр. Үміткерлерді тіркеудің соңғы сәтінде тағы бір кандидат, «Қазақстан әуесқой футболшыларының» қоғамдық бірлестігі  ұсынған 46 жастағы Бақыт Маратұлы Жаңабаев Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырды.

Сайлау алдындағы үгіт-насихат  Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады және сайлау күнінің алдындағы күннің жергілікті уақыты бойынша нөл сағатта аяқталады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT