Мемлекеттік қызметтің беделі

(0 Votes)

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 1 қыркүйегінде халыққа жолдаған жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты-мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс жасауы тиіс, алайда түрлі деңгейдегі әкімдердің батыл әрі дербес қадам жасауға қабілеті жетпей жатады және олар орталыққа жалтақтап жұмыс істейді деді.

Бұл негізінен, әкімдердің халық алдындағы қазіргі жауаптылық деңгейі жеткіліксіздігіне байланысты екенін, олардың қызметіне баға бергенде өңір тұрғындарының пікірі ескеріле бермейтіндігіне тоқтала отырып, барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын бағалау тәсілін оңтайландыру қажеттігіне тоқталды. Соның ішінде тәуелсіз әлеуметтік сауалнама жүргізудің маңызы зор, формальды есептерден гөрі сауалнамадан халықтың көңіл-күйін анық аңғаруға болатындығын атап көрсетті. Мемлекеттік қызметтің беделі - ең алдымен мемлекеттік қызметшінің біліміне, тәжірибесіне, орындаушылық тәртібіне және өз ісіне деген жауапкершілігіне тікелей байланысты. Мемлекеттік қызметтің беделін арттыру үшін, мемлекеттік қызметші өзінің біліктілігін үнемі арттырып, семинарларға қатысып, қазіргі уақыт талабына сай өзгерістер мен жаңалықтардан үнемі хабардар болып отыруы тиісті.

Мемлекеттік қызметтің беделі-білімді де білікті басшыға тікелей байланысты. Мемлекеттік мекеменің басшысы мінезге бай, ұстамды, қарауындағылардың пікіріне құлақ асатын, еңбек тәртібін қатаң сақтайтын, әріптестеріне қашанда қамқоршы ретінде сезілетін, яғни бір сөзбен айтқанда-тұлға болуы керек. Міне сол кезде қарауындағылардың оған деген сенімі, жұмысқа деген құлшынысы зор болады және кез келген тапсырмалар уақытында, сапалы орындалатын болады.

Мемлекеттік қызметтің беделі-алғашқы рет мемлекеттік қызметке келген жас маманға тағайындалған тәлімгердің қарым-қабілетіне, тәрбиесіне де байланысты. Себебі: болашақ мемлекеттік қызметші алғашқы тәлімгерден не үйренді, қандай тәрбие алды, алдағы уақытта да сол соқпағымен жүретін болады және уақыт өте келе қайта тәрбиелеу қиынға соғады. Халықтың мемлекетке деген көзқарасы, жалпы мемлекеттік қызметтің беделі- тікелей орындаушыға байланысты, яғни мемлекеттік қызметші өз ісінің маманы, адамдармен тіл табыса алатын, мінезге бай, өзіндік тұлға болған жағдайда ғана мемлекеттің саясаты жүзеге асып, халықтың әл-ауқаты жақсаратын болады.

 

Куангали Ихсанов

Атырау облысы Құрманғазы ауылдық округі әкімінің кеңесшісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521