Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономикалық форумында (Global Challenges Summit) сөз сөйлеп, бес жаһандық тренд туралы сөз қозғады.
«Әлем күн өткен сайын ерекше жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Мұның бәрі ғаламдық өзгерістерге алып келеді. Аталған процестерді әлем дамуының бес мегатрендімен сипаттауға болады», - деді Елбасы форумда. Бірінші мегатренд - Адам қызметінің барлық аспектілерінің цифрлануы. Президент өз сөзінде баршамыздың көз алымызда экономиканың тек бизнес саласы емес қоғам өмірінің де цифрланған жаңа моделі қалыптасып келе жатқанын атап өтті. Жаңа технологиялар осыған дейін әлем елдерінің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын базалық факторларды өзгертіп жатыр. Өнеркәсіпті жандандыратын және бақылауда ұстайтын интелектуалды жүйелер ерекше құбылысқа айналды. «2030 жылға дейін жасанды интеллект әлемдік экономиканың қаржысын 16 триллион долларға дейін көбейтеді. Криптовалюта феномені, блокчейн технологиясы қаржылық нарықты банктермен қосып үлкен өзгерістерге алып келеді. Эскперттердің пайымдауынша алдағы он жылдықта 500 ірі компанияның 200-і жойылып кетеді. Сонымен қатар қазақстандықтардың цифрлық сауаттылығы 85 пайызға артады. Жаңа технологияларды пайдалану арқылы біз өңдеу саласында бес жылдың ішінде еңбек өнімін жарты есеге көбейтуді жоспарлап отырмыз»,-деді Мемлекет басшысы.
Екінші мегатренд - Энергетикалық революция, таза энергетика бағытына қадам. Президент өз сөзінде бар болғаны 30 жылдың ішінде баламалы энергия көздерінен алынатын энергияның 13 есеге көбейгенін атады. Күн панельдерінің бағасы соңғы бес жылдың ішінде екі есеге арзандаған. Электромобильдер күрт көбейді. Мамандар барлық автопарктерді электрокарларға ауыстыратын болсақ, жердегі ауа 200 жыл бұрынғыдай таза қалыпқа түсер еді деген пайым айтады. Елбасының мәлімдеуінше жалпылай алғанда 2030 жылға қарай альтернативті энергия мен энергиялық баланстың үлесі 30 пайызға дейін жетеді. Үшінші мегатренд
- Жер шарындағы адам санының жылдам көбеюі. Дәуір ортасында 10 миллиард адамды асырау үшін бүгінгіден 60 пайызға көп тамақ өндіру керек. Бұл мәселе базалық ресурстардың аздығын есепке алғанда, тұщы су дефицитінің көбеюіне байланысты оңай шешіле қоймайды. «Қазақстан алдағы уақытқа заманауи жетістіктерді пайдалану арқылы, соңғы бес жылда агрокешендегі еңбек өнімділігін екі жарым есеге көбейту керек деген мақсат қойып отыр»,-деді Елбасы.
Халық санының көбеюіне байланысты туындаған тағы бір мәселе зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін түбегейлі өзгерту. Төртінші мегатренд - Урбанизация қарқыны мен сипатының өзгеруі. БҰҰ-ның бағалауы бойынша, ғасырдың орта тұсында қалалық жерде өмір сүретін халық саны жеті миллиард адамды құрап отыр. Мегополистер дәуірі келе жатыр. Бұл инвестиция тартуға, технологиялар мен ақылды адамдарға сұранысты жоғарылатады. «Бұл үрдісті есепке ала отырып, Қазақстан агломерацияның даму стратегиясын жүзеге асыруды қолға алды. Егер бұрын бізде миллион тұрғыны бар жалғыз Алматы болса, қазір бұл қалалардың қатарына Астана мен Шымкент қосылды. Осы үрдіс ары қарай жалғасатын болады»,- деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Бесінші мегатренд - Еңбек нарығының жаһандық трансформациясы. Бұл жайлы айтқан Н. Назарбаев өз сөзінде алдағы жылдары физикалық еңбектің 80 пайызы роботтандырылған жүйемен араласуы мүмкіндігіне тоқталды. Негізгі бағыт - білім саласын реформалау. Бұл білім беруде шығармашылық ойлау қабілетін қалыптастыруға, қажетті ақпаратты тауып, мақсатты түрде пайдалануға мүмкіндік беру тәжірибесінен өтуді білдіреді. Технологиялық прогрестің жылдамдығы адамның бірнеше мамандықты игеруге және «Өмір бойы білім алу» қағидасын ұстануға заманауи талаптарға дайын болуын қажет етеді. Елбасымыз Қазақстанда жастарға әлемдегі үздік университеттерде оқуға мүмкіндік бар екенін, сонымен қатар, елімізде халықаралық деңгейдегі Назарбаев, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Қазақстан менеджмент, экономика және жоспарлау институты, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті құрылғанын жеткізді.
Қанат ҒҰМАРОВ.